Астанада «Шуақты көктем» суретшілер көрмесі өтті

Адамзат баласын тамсандырып, шабытын оятар қоршаған ортаның тылсым құдіреті суретшінің көзімен. Елордада табиғаттың жаңғырып, ояну сәтін қалт жібермейтін қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылды. Асқар таулардың биіктігін аласартпай, дархан даланың кеңдігін қаз-қалпында бейнелеу кез келгеннің қолынан келмейтіні хақ. Мұнда қойылған әр туынды Жер-Ананың ғажайып көріністерін айқын сезіндіреді. Жұмыстардың көпшілігі қарапайым пейзаждық жанрмен берілген.

ТІЛЕУЖАН БАТАНОВ, СУРЕТШІ:

 - Өнерді біртұтас қараймын. Суретші болған соң әр жанрда жұмыс жасай алу керек. Ол тек қана шеберлікті арттырады. Табиғатымыз өте мықты, кең байтақ. Мысалы бір жағында жылы болып тұрады. Таулы алқаптар, теңіздер, Сарыарқаның жазық жерлері бар. Соның бәрі суретшіге шабыт береді.

Көрмеге келушілер көктемнің құпиясына бойлап, сырына қанығумен қатар, осы мезгілге тән әз-Наурыз мейрамының дәстүрлері көркем өнермен өрнектелген картиналарды тамашалай алады. Күн сәулесін шашқан шуақты кездегі ауыл көрінісі, халықтың тұрмыстық салты да шебер суреттелген.

ЕРМЕК АСЫЛХАНОВ, ӨНЕРТАНУШЫ, ПРОФЕССОР:

 - Әр түрлі техника, әр түрлі жанр, әр түрлі стильдерде, бірақ бәрін айналдырып әкелгенде осы наурыздың лебі білініп, көрініп тұр. Ол мына композициялық құрылымында, абстракциялық жұмыстардың бояуында, оның қозғалыс динамикасында, сонымен қатар классикалық академиялық жұмыстарыда өте жақсы.

Қазақ мәдениеті мен ұлттық болмыстың айшықты бейнелері тұнып тұрған отандық суретшілердің таңдамалы еңбектері шорғырланған көрме сәуір айының 15-не дейін жалғасады.