Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сирек қолжазбалары көпшілік назарына ұсынылды

Қазақ ауыз әдебиетінің ірі өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сирек қолжазбалары көпшілік назарына ұсынылды. Құнды экспонаттар Павлодардағы Бұхар Жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейіне қойылды. Тарихи тұлғаның 160 жылдығына арналған «Ғұлама тағылымы» экспозициясында ақынның жеке заттары: құран кітабы, қобдишасы, қоржыны, көзілдірігі, кісе белбеуі және көктасы бар. Жәдігерлердің көпшілігін музей қорына ақынның туыстары мен Алматыдағы архив табыстаған. Ал көшірмелері енді Семей мен Павлодар мұрағаттарында сақталады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев еңбектерінің түпнұсқалары цифрлы жүйеге енгізіліп, «Ғылым ордасындағы» сирек жазбалар қорына енді.

ҚАРЛЫҒАШ ҚАРМАҚБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ  ОРТАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Тағы бір стендте осы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ғалымдардың зерттеген еңбектері көрсетіліп отыр. Ол латын тілінде машинкамен басылғаны бар, қолмен жазылғаны бар кирилицаға аударылғаны бар. Бұл енді құжаттарды енді неліктен көрсетіп отырғанымыз бұл тарихи құжаттар деп саналады. Ол құжаттардың ішіндегі жаңағы әркімнің өзінің жазғаны бар. Басылымға деген және басылымға болмайды - деген визалары бар.

Ал Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі қазақтың белгілі ақыны Сара Тастанбекқызының портретімен толықты. Ақын Сараның бейнесін салған ресейлік суретші, мүсінші, сәулетші Маргарита Ващенкокөзі тірісінде өзінің туған қызы Гелия Тимофееваға бұл заттарды қазақ еліне тапсыруды аманат етіпті. Суретші дүлдүл ақынның туған топырағына келіп, өмірі мен шығармашылығына терең бойлап, бейнесін көз көргендердің сипаттауымен салыпты. Музей қорына портреттен басқа да құнды экспонаттар берілді. Олардың қатарында Шоқан Уәлихановтың мүсіні мен автордың түрлі бояумен салған туындылары бар. Бұл ауқымды шараның бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатыр.

МҰРАТБЕК ИМАНҒАЗИНОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - Бұған дейін Ақын Сараның портретін бірнеше суретші салып көрген. Алайда ақын қыздың бейнесін жеткізе алмапты. Ал Ващенко болса, асқан шеберлік танытып, оның шығармашылығымен танысып, оны өзі танып болған соң ғана қылқаламды қолына алған. Портреттің ақын Сараның бейнесін мінсіз жеткізеді деп туыстары айтып отыр.