Әлемнің үздік шығармашылық ұжымдары, шетелдік театрлармен бірлесе әзірленген қойылымдар, фильм түсірілімі, халықаралық музей көрмелері, балалар мен спортсүйер қауымға арналған фестивальдер, сан түрлі шоу, әлем жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттер. Бір сөзбен, Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылатын бағдарлама ауқымды. Биыл елордамыз мәдени шаралардың халықаралық орталығына айналмақ.  «Қазақконцерт» 30-дан астам шара өткізуді көздеп отыр. Оған «Солистер академиясы», «Астана сазы» фольклорлық ансамблі, «Номад» этно-фольклорлық ұжымы  және «Форте Трио» қатысатын болады. Олар өз өнерлері арқылы жұртшылыққа қазақ мәдениетін паш етпек. Ұйымдастырушылар бұл көрермендердің көңілінен шығады деген сенімде. Елорда мерейтойына орай көрермен қауымға «Notre Dame de Paris» мюзиклі ұсынылмақ. Бұдан бөлек, елорданың басты концерттік алаңында жыл сайынғы «Астана кештері» классикалық музыка фестивалі ұйымдастырылатын болады. Отандық кинематограф майталмандары бас қосатын «Еуразия» кинофестивалі де шымылдығын түрмек. Ал күзде ашылатын жаңа маусым аясында елдің үздік дирижерлері мен артистерінің қатысуымен 20-ға жуық концерт өтеді деп жоспарланып отыр.

АННА КҮЗЕМБАЕВА, «ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Маусым айынан бастап жыл бойы барлық концерттердің басым бөлігі осы мерекеге арналмақ.  Басты шаралар, негізінен жаздың алғашқы айларында ұйымдастырылатын болады. Жұртшылық оларды тағатсыздана күтуде деп ойлаймын. Өнер адамдарды біріктіреді, рухани азық береді. Сондықтан біз өнерсүйер қауым үшін түрлі, барынша қызықты жобалар ұйымдастыратын боламыз. Ол үшін танымал әртістерді шақырамыз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер