Зергерлік өнерді жалғастыру - Kazakh TV

Оралдық шебер қазақтың болмысымен біте қайнасқан ұлттық бояуды зергерлік бұйымдар арқылы жеткізіп жүр. Алтын мен күмістен жасалған туындылар шебер Төлепберген Сарманбековтың қолынан шыққан. Мына қамшыны жасауда ол қайыс тоқудың ерекше әдісін қолдагыпты. Асыл тастармен безендірілген ұлттық бұйым көз тартады. Әрбір өрнегі мен орнатылған  тастардың өзіндік мәні бар. 

ТӨЛЕПБЕРГЕН САРМАНБЕКОВ, ЗЕРГЕР:

 - Қамшыны қазақ баласы қасиетті заттарға жатқызған. Мен бұл бұйымды таза алтын мен таза күмістен жасадым. Безендірілуінде бағалы тастарды қолдандым. Бір бұйымды жасамас бұрын, мың ойланамын, жүрегіммен сезінемін. Содан кейін ғана барып жасауға кірісемін.

Шәкіртсіз ұстаз тұл. Оралдық зергер білгенін жастарға үйретуден жалыққан емес. Жоғары оқу орнында 30 жыл ұстаздық етіп келеді. Ол жастардың бойында ұлттық қолданбалы өнерге деген құрмет сезімін қалыптастыруға тырысады.

АЙНАЗ ЖАНБОЛАТ, БҚМУ 2 КУРС СТУДЕНТІ:

 - Сырғаны қалай жасау керек, кулондар техникасын үйрендік. Қалай жасау керек, қалай қолдану. Өзім оқып ж атқаным сәндік өнер. Болашақта атақты зергер болғым келеді.

Шебер қазақтың ұлттық ою-өрнектеріне ықыласпен қарайды. Әр аймақтың өзіне тән ерекшеліктеріне баса мән береді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы бұйымдар үлкендігімен көзге түссе, оңтүстіктегілер кішкентай өрнектерге басымдық беріп, асыл тастармен безендірілген туындыларды ұнатады. Ал еліміздің батыс аймағындағылар қарапайым бірақ қарабайыр емес, ерекше көрінетін әшекейлерді көп қолданып, жоғары баға береді. Әрбір зергерлік бұйымда шебердің ой-қиялы бар.

ТӨЛЕПБЕРГЕН САРМАНБЕКОВ, ЗЕРГЕР:

 - Мынадай білезікті жұбайыма жасап бермекпін. Мерекеге міндетті түрде сыйлайсың. Сыйламасаң, дүкеннен сатып аламын деп қорқытады.

Шебердің қолынан шыққан зергерлік бұйымдарына еліміздің түкпір-түкпірінде сұраныс жоғары. Оның әшекейлері аса құнды. Төлепберген Сарманбековтың бірнеше туындысы еліміздегі Ұлттық музейге қойылған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер