Лондонда түркі халықтарының музыкалық аспаптарының тарихына арналған кітаптың тұсауы кесілді

Лондонда түркі халықтарының музыкалық аспаптарының тарихына арналған кітаптың тұсауы кесілді. Салтанатты кеште қонақтар қазақтың домбырасы, өзбек дутарының, әзербайжанның кеманчи аспабының үніне тәнті болды. Жаңа басылым «Түрік үні: шаман дауыстарынан хип-хопқа дейін» деп аталады. Туынды Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасынан мол мағлұмат береді. Кітапқа британиялық, америкалық және қазақстандық авторлардың ғылыми мақалалары енді. Ал оның мұқабасын безендіру үшін Ұлыбритания жұртшылығына кеңінен танымал қазақстандық суретші Сәуле Сүлейменованың «Ақын» атты суреті пайдаланылды.

РӘЗИЯ СҰЛТАНОВА, КІТАП РЕДАКТОРЫ, КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Бізге Қазақстан тумасы Дүйсен Қасейінов хатшылық ететін «Түрксой» халықаралық ұйымы демеушілік көрсетті. Яғни, Қазақстанның қатысуынсыз бұл кітаптың жарық көруі екіталай еді. Біз сондықтан жер-жаһанға Түркі әлемі туралы білімін кеңейтуге көмектескен Қазақстан мемлекетіне деген алғысымыз шексіз. 

Түркітілдес, соның ішінде Орталық Азия халықтарының музыка мәдениетін батыс әлеміне таныстыратын жинақ бес жыл бойы жазылған. Таныстырылымға Кембридж, Голдсмит, Кингс, Роял Холловей сынды білім ордаларының профессорлары қатысты.

ДЖОН РИНК, КЕМБРИДЖ УНИРВЕСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Әдебиеттің ішінде Түркі әлемінің бай мұрасы туралы білуі керек адамдар үшін көп ақпарат жазылған. Жаңа білім баршамыз үшін пайдалы болатындығына сенімдімін.

Кеште Ташкент мемлекеттік консерваториясының түлегі Сардор Мырзақожаев дутарда ойнаса, әзербайжандық музыкант Расим Файзиев халықтық шығарламаларды кеманчадамен орындады. Ал Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Ерлан Рысқали классикалық композиторлардың шығармаларын ұсынды. Осылайша, бауырлас елдердің әндері Еуропа аспанында әуеледі.