Отандық телевизия саласының мамандарына «Тұмар» ұлттық сыйлығы табыс етілді

Отандық телевизия саласының мамандарына «Тұмар» ұлттық сыйлығы табыс етілді

Астанада отандық телевизия  саласының мамандары тағатсыздана күткен «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығы табыс етілді. Биылғы жылы медиа бәйге қазақстандық телевизияның 60 жылдығына орайластырылған. Айтулы шараның басты меймандары – ардагер тележурналистер. Олар үшін арнайы аталым әзірленіпті. Бұдан бөлек, үздік жүргізушілердің шеберліктері де жекелей бағаланды. Үздік тілші, оператор және режиссер аталымдары да қарастырылған. «Kazakh TV» телеарнасы «Астана туралы үздік жоба» номинациясында «Менің Астанам» бағдарламасымен және «Үздік ағартушылық бағдарлама» аталымында «Ұлт қазынасы» жобасымен үздік атанды. Байқауға 400-ге жуық бірегей телевизиялық жоба қатысқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 2 есеге артық.  Жұмыстардың өзектілігі, сапасы мен креативлігін теле индустрияның жетекші сарапшылары мен медиа саласындағы маңызды тұлғалар бағалады.

АЛЕКСАНДР АКСЮТИЦ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Телевизия саласының қызметкерлері арасында бұл байқауға деген қызығушылықтың артқандығы байқалып-ақ тұр. Жұмыстардың саны да, сапасы да жоғары. Жанрлық туындылар мен  аймақтық арналардың жұмыстары бар. Олардың бәрін қарап шығып, шешім қабылдау біз үшін оңай іс болмады. Дегенмен, қазылар алқасының құрамында болу қашан да қызықты міндет. Өйткені аймақтағы, орталықтағы, жалпы қазақстандық телевизия саласының деңгейі мен дамуын көре алдық.