Балалар және гаджеттер. «Наз» мемлекеттік би театры» өздерінің кезекті қойылымдарын осы тақырыпқа арнап отыр. «U-Sana» деп аталатын спектакль өскелең ұрпақ уақытының басым бөлігін телефондар мен компьютер алдында өткізеді деп дабыл қағады. Сценарий бойынша, Еркін, Ермек және Айгүл есімді жеткіншектер компьютерлік ойындардың жетегінде кетеді. Біртіндеп шынайы өмірден алыстап, уақыттарын виртуалды әлемде өткізуден шаршамайды. Спектакль либреттосының авторы Сағаділдә Үсібәлінің айтуынша, қойылым тақырыбы бүгінгі қоғам үшін аса өзекті әрі әр отбасыға жақсы таныс. 

САҒАДІЛДӘ ҮСІБӘЛІ, ЛИБРЕТТО АВТОРЫ:

 - Барлық нәрсені өзінің дозасымен дұрыс пайдалансаң, ол адамға пайдалы. Ал одан асырып жіберсек, зиян. Кішкентай кезінде балалар тек гаджеттердегі ойынға қарайды. Ол оның ішінен жақсы нәрсе үйренемін я болмаса жаңа бағдарламалар үйренемін демейді. Құдай қаласа, пьеса ретінде театрларда қойылғалы жатыр.

СҰЛТАН СРАЙЫЛОВ, «НАЗ» МЕМЛЕКЕТТІК БИ ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін қимылмен білдіру өте шеберлікті қажет ететін қойылым. Балаларға арналған қойылым ғой. Қазір интернетте ақпарат өте көп. Ұзақ ақпаратты қабылдауға балалардың іші пысады. Сондай болмауы үшін бұл жерде өте көп хореографтардың жұмысы. 

Қойылым авторларының айтуынша, бұл спектакль балаларға арналғанымен, алдымен ата-аналарға ой тастайды. Өйткені олар заманауи құрылғыларды балғындарға қандай мақсатпен пайдалануға беретіндерін шешіп алуға тиіс.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер