«Асыл әжелер» ансамблінің құрылғанына - 10 жыл

Ақтөбедегі әжелер ансамблінің құрылғанына – 10 жыл. Айтулы дата аясында шығармашылық топ жергіліккі халыққа арнайы концерт берді. Ансамбль он жыл ішінде еліміздің өзге өңірлерінде болған, Ресейдің Санкт- Петербург қаласында өткен халықаралық әншілер байқауында да жеңіске жеткен. «Асыл әжелер» ансамблінің белді мүшесі Ырымкеш Тәжібаева бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты. Өмірін әнмен өрнектеген ол бала кезден өнерге асық болыпты. 

ЫРЫМКЕШ ТӘЖІБАЕВА, «АСЫЛ ӘЖЕЛЕР» АНСАМБЛІНІҢ ӘНШІСІ:

- Ауыл арасында жаңағы жиын-тойларда «келін өлең айт» деп, үлкен кісілер қолпаштап сол жиын-тойларда бір-екі ауыз өлең айтатын болып жүрдім. Барғың келіп соған ынталанып отырасың. Ауруыңды ұмытып кетесің тіптен.

Ансамбль құрамында 20 әнші бар. 70-ке таяп қалған әжелер ел іші, алыс-жақын елдер арасында ұйымдастырылатын іссапарлардың бірін де қалдырған емес. Жергілікті халықтың көзайымына айналған шығармашылық топтың репертуарында 200-ге жуық ән бар.

ГҮЛАРА ШАЛАБАЕВА, «АСЫЛ ӘЖЕЛЕР» АНСАМБЛІНІҢ ӘНШІСІ:

- Өзіме ұнайды. Осы бір дайндықтан да қалмай, өзімнің мойныма жүктегесін міндетімді атқарып келемін. Қазақтың әндерінің барлығын да айттық. Облысқа шықтық. Астанаға барып, бірінші орын алып келдік.

Алғашқы онжылдығын артқа тастаған әжейлер тобының өнері өміршең. Бүгінде олар өскелең ұрпаққа өнеге болып жүр.