Қазақтың ұлттық құндылығы мен индонезиялық бірегей өнер павлодарлық шебердің туындыларында жымдасып жатыр. Алтын Әтеева матаны батик әдісімен әшекейлеуді жетік меңгерген. Ол өз өнерімен қазақтың мәдени дәстүрін көпшілікке таныстырығысы келеді. Шебердің алғашқы көрмесі Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Оның ерекше жұмыстарына таңданып, қызығушылар көп. Араб елінде өткен көрмеде ғажайып әдіспен тігілген шебердің таңдаулы туындыларын шетелдіктер бірден алып кетіпті.  

АЛТЫН ӘТЕЕВА, СУРЕТШІ:

- Өнердің бұл түрі жоғары сұраныс тудырады. Матаға салынған суретті көргендер таңқалып жатады. Мен көрмеге апарған  перделерімнің бірін  жапон әйеліне саттым. Оның қызыға қарағанын көріп, мұнымен табыс табуға болатынын түсіндім. Енді көп жұмыс істеп, қызықты дүниелерді жасауға тырысамын. Бұйымдарымның экспортқа шыққанын қалаймын. 

Алтын Әтеева жібек матаға сурет салудың қыр-сырын Малайзиядан үйренген. Екінің бірінің қолынан келмейтін күрделі техниканы жетілдіруге бірнеше жыл кеткен. Бүгінде сүйікті ісі табыс көзіне айналған. Бастамасын іске асырып, дамыту үшін мемлекеттік грантқа үміттенеді. Үш миллион теңгені құрал-жабдықтар алуға жұмсамақ. Осылайша, матаны көркемдеу жұмысына қажет уақыт едәуір қысқарады, дейді ол. Мамандар қолөнер шеберінің бизнес жобасы ел ішінде де, шетелде де табысты боларына сенімді.

АЙГҮЛ САУҚЫМБАЕВА, МЕНЕДЖЕР:

- Менің ойымша Алтынның кәсібін үлкен нарыққа щығарып Қазақстанды халықаралық деңгейде танытуға болады. Өйткені оның еңбектеріне шетелдіктер қызығушылықпен қарайды. Тұтынушылар арасында  елімізге танымал адамдар да бар. Әрине қолмен жасалған бұйымдар ерекшеленіп тұрады. 

Қолөнерші келешекте жібек матамен қатар ағашқа, былғарыға сурет салу техникаларын үйлестіріп көрмек. Оның басты арманы – қазақтың мәдениетін кеңінен таныстыратын бірегей бренд құру.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер