Маңғыстау облысында Ұлттық киім күні аталып өтті

Маңғыстау облысында ұлттық киім күні аталып өтті. Мәдени шара аясында түрлі сахналық көріністер қойылып, ұлттық өнер ортаға салынды. Қазақстанда өмір сүретін ұлттардың 150-ге жуық ұлттық киімдері көпшілік назарына ұсынылды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері костюмдердің тарихы мен ерекшеліктеріне тоқталды. Мысалы, осетин халқының өкілі Фатима Биркле кавказ киіміндегі кейбір элементтердің қазақтың костюмдерінде кездесетінін айтады.

ФАТИМА БИРКЛЕ, «АЛАН» ОСЕТИН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

-  Көйлегім мен шапанымды көргендер «Қазақтың ұлттық киімі ме?» деп сұрап жатады. Жоқ, бұл осетин ұлтының киімі. Мүмкін кейбір элементтерін кезінде ата-бабамыз қазақтардан алған шығар, киімдерімізде ұқсастық бар. Біздің осетин қыз-келіншектерінің көйлектерінің етегі де ұзын.

Көрмеге Маңғыстау облысында тұратын 50-ден астам этностың өкілдері, мектеп оқушылары мен балғындар қатысты. Қазақстанда тұратын әр ұлттың ұлттық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған өңірлік шаралар Ұлыстың Ұлы күніне дейін жалғасады. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындар ұлттық спорт күндерін, домбыра пати, ұлттық тағам күндері мен бауырсақ, шұбат кештерін атап өтеді.