Қазақтың ұлттық ойындары ортаға орала бастады

Қазақтың ұлттық ойындары ортаға орала бастады

Қаланың да, даланың да баласы ұлттық ойындарға ден қоя бастады. Оған «Ұлы Дала ойындары» фестивалінің жыл сайын кеңейе түсуі дәлел. Онда қатысушылар ұлттық спорттың 16 түрінен бақ сынайды. Жыл сайын бағдарлама ортаға оралған ежелгі ойындармен толығып келеді. Ұлттық спорт түрлерін жаңғыртып, жалғастыру мақсатында ел өңірлерінде үйірмелер жұмыс істейді. Мысалы, Қызылордадағы «асық ату» үйірмесі жақында ашылды. Еске салсақ, «асық ату» ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының тізіміне енген. Үйірме мамандары балғындарға асық ойыны түрлерін ажыратып үйретеді. Төл спорттың үйірмесіне 30 шақты бала жазылыпты, облыстағы 10 мектептің мұғалімдері мен оқушылары арасынан «Асығың алшысынан түссін» атты сайыс та ұйымдастырылған. Жалпы, асық ойыны ептілік пен дәлдікті үйретеді. Ал шараның мақсаты – интернетке телмірген жастарды сергектікке баулып, атадан балаға мирас болып қалған ойынды жаңғырту болмақ.

РАЙХАН НАУКЕЕВ, АСЫҚ ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Көздің көру қабілетін күшейтеді, қолға шиірсең асықты массаж. Әр саусаққа, білекке қимыл береді. Сосын математикамен, геометриямен сабақтастыруға болады. Тұру траекториясы бар, ату, дәлдік. Біз ынталылар тобымыз. Әр аулаға аймақтар ашылып, спортты дамытатын үкіметтен қаржыландырса немесе демеушілер әр мектепте сыныптан тыс үйірме қосып қаржыландыратын болса, керемет болар еді.

Тоғызқұмалақ ойыны да қайта жаңғырып, көкжиегін кеңейтті. Қызылордада тоғызқұмалақтан халықаралық турнир өтіп, жарысқа Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Түркменстан, Түркия, Тәжікстан және Қазақстаның 11 өңірінен спортшылар келді. Биылғы бәсекеге Қытай мен Ауғанстанның ойыншылары да қатысты.

ӘСЕЛ ДАЛИЕВА, ҚР ЕҢБЕГІ СІҢГЕН СПОРТ ШЕБЕРІ:

 - Бұл турнирдің өзгешелігі халықаралық турнирлер ішіндегі мұнда 2 категорияда өтіп жатыр. 15 жасқа дейінгі жастар және 15-тен жоғары ересектер арасында өтеді. 15-жас арасында жалпы турнирлер санаулы жылда өтетін. Сондықтан жастар үшін бұл жаттығатын, тәжірибе жинайтын турнир.

Тоғызқұмалақтан бұл жарыс тоғыз рет республикалық және екінші мәрте халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып отыр. Биылғы сайыста 20 команданың 200-ден астам тоғызқұмалақшыларының шеберлігі сынға түсті.