Шежірелі қазақ тарихының енді бір қатпары ашылып, жаңа жәдігермен толыға түсті. Әскери-тарихи мұражай қорына халқымыздың хас батыры Қожаберген Жәнібекұлының шапаны табысталды. Құнды мұра батыр әулетіне жиеншар үйінде көздің қарашығындай сақталып келген. Үш ғасырлық тарихы бар көненің көзі бәз-баяғы қалпында әлі ешбір өңдеу көрмеген. Бұл шапаннан өзге жаугершілік жорықта ұстап шыққан туы, сауыты мен дулығасы сақталыпты. Олардың барлығы ұрпақтарының қолында. Алдағы уақытта қасиетті заттардың барлығы ел иігілігіне табысталмақ.

БАҚЫТ ТЕҢСЕЛҰЛЫ, ҚОЖАБЕРГЕН ЖӘНІБЕКҰЛЫНЫҢ ЖИЕНШАРЫ:

 - Менің сандығымда әлі жүз жылдап, ғасырлап жатар еді. Бірақ, келешек ұрпақ батыр бабамызды білуі керек. Кім екеннін. Халықтың игілігіне жұмсалсын. Осындай мұражайда тұрса халық көреді деген себеппен осында тапсырып жатырмыз. 

Сондай-ақ белгілі ғалым Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» атты кітабының таныстырылымы өтті. Тарихи туынды қазақ батырының жорық жолдары мен оның елі жайлы сыр шертеді. Еңбекте сол дәуірге тиесілі мағұлмат мұқият сарапталып, ғылыми жүйелілікпен жазылған. Қожаберген бабамыз туралы тың деректер Цинь патшалық кезеңіндегі мәнжу тілді мұрағат құжаттарында жақсы сақталыпты. Оның 70-ке жуығы жинаққа енді. 1755-1767 жылдары хатқа түскен 60-қа тарта қытай жазбалары алғаш жарияланып, тұңғыш рет қазақ тілінде жарыққа шығып отыр. Автор ғалымдардың қолына ілікпеген танымдық дәйектерді 9 жыл бойы жинапты.

БАҚЫТ ЕЖЕНХАНҰЛЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Ресейдің мұрағаттарында азын-аулақ деректер бар болатын. Енді жаңадан шығып жатқан Мәнжу деректерінде сол дәуірде Қожаберген осы шекара аймақта орналасқандықтан қытайлармен көп қарым-қатынаста болған. Сондықтан көп деректер сақталып қалған екен. Оның ішінде сол қазақ көші, аймақтағы шекараны сақтап қалу, сауда-саттық сияқты көптеген мәселені қамтиды. Бұл енді нақты деректер.

Қожаберген Жәнібекұлы Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек сынды игі жақсыларымен үзеңгілес болып, есімі қатар аталған. Ел қамында атқа қонған қаһарман 18-ші ғасырда қазақ сарбаздарының туын ұстағаумен қатар Абылай хан тұсында дала дипломаты ретінде кеңінен танылған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер