Бірегей сәулет туындылары. Сәні келіскен жасампаз Астананың ерекшелігі осында. Аспанмен таласқан ғимараттар арасында «Назарбаев орталығының» алар орны ерек. Бұл жерге жыл сайын алыс-жақын елдерден 200 мыңнан астам адам келеді. Келушілер ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасымен танысып, Елбасыға табысталған түрлі сыйлықтарды көріп, әр кезде түскен естелік фотосуреттермен таныса алады. Мысалы, мынау Мемлекет басшысына табысталған ордендер мен медальдар голограммасы. Бұл залда, сондай-ақ тұпнұсқа марапаттар да бар.

ДИНАРА ЖАЙСЕНБАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Сіздің назарларыңызға ұсынылған бұл Бадр алқасы.  Онымен 2004 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Сауд Арабиясы марапаттаған. Қазақстан Президенті - Сауд Арабиясының жоғары марапатына ие болған ТМД елдеріндегі жалғыз көшбасшы.

«Назарбаев орталығы» жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге мән береді. Мұнда мектеп оқушыларына арнап экскурсиялар және оқу семинарлары ұйымдастырылып тұрады.

Интерактивті білім беру орталығындағы экспонаттар мен ақпарат әр адамға қолжетімді. Ал ғимаратқа кіру тегін. «Назарбаев орталығы» демалыс күндерін де жұмыс істейді.

МӘДИЯР, ДУСПУЛОВ, ОҚУШЫ:

 - Мен әсіресе шойыннан жасалған Иранның Қазақстанға берген сыяпатына ерекше таңдандым. Сыйлықтың биіктігі бір жарым немесе екі метр болады. Өзі ерекше әдемі.

Айта кету керек, орталықтың ғимараты ерекше пішінде салынған. Биікке зер салған көз жанары іспеттес. Британдық сәулетші Норман Фостердің түпкілікті ойы бойынша ғимараттың қайталанбас келбеті Тәуелсіз Қазақстанның күш-қуатын білдіреді. Кешеннің жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді алып жатыр. Бұл ғимараттың бірегейлігі – шатырының шыныдан жасалғанында. Әйнектен күннің жарығы мен жылуы түсіп тұрады. Осы жерде Қазақстан Тұңғыш Президентінің қоры жұмыс істейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер