Қазақтың қара домбырасы Анадолы елінде. Соңғы кезде түрік елінде домбыраның қоңыр үніне жергілікті халықтың қызығушылығы оянып келеді. Әсіресе түрік жастары арасында қасиетті аспаптың құлағында ойнаймын деушілер көп. Соның бірі – Стамбул университетінің түркология факультетінің студенті Гамзе Нур Налбант. Қазақ тілінде жетік сөйлейтін ол, қазақ күйлерін де нақышына келтіріп орындайды.

ГАМЗЕ НУР НАЛБАНТ, СТУДЕНТ:

 - Мен Қазақстанды жақсы көремін, қазақтар – біздің бауырларымыз. Мен ол жаққа да барып, қазақтарды көрдім. Қазақша үйреніп алған соң, домбыраны да үйрену керек деп ойладым. «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра», сол себепті қазақтарды жақыннан тану үшін домбыра үйренуді бастадым.

Бірнеше жыл бұрын Түркиядағы қазақ диаспорасының қолдауымен Стамбулда домбыра үйірмесі ашылған еді. Үйірмеден 50-ден астам шәкірт түлеп ұшты. Олар Түркиядағы мәдени іс-шараларда қос ішекті шертіп жүр. Үйірме тек жастарға арналмаған. Орта жасты алқымдаған ел ағалары да домбыра шертуге келіп, нота үйреніп жатыр.

ЕРОЛ ЙОЛЖУ, ТҮРКИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Өзім қазақ күйлерін жақсы көремін. Өлеңге де құмар қазақтың бір баласымын. Енді домбыраны жақсы ойнап, білмесек те әліпбиін үйрену, сол үшін келдім.

Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде музыкалық білім алып, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, танымал күйші Айгүл Үлкенбаеваның шәкірті болған Седат Солақұлы Қазақстандағы ұстаздарына дән риза. Ол бүгінде Стамбулда домбырадан дәріс беріп жүр. Седаттың қазақ өнеріне ықыласы ерекше. Тіпті қасиетті аспапты үйренудің арнайы методикасын жасап қойыпты.

СЕДАТ СОЛАҚҰЛЫ, ДОМБЫРА ҮЙІРМЕСІНІҢ ҰСТАЗЫ:

 - Біз домбыраны мектепте енгізу үшін домбыра методикасын жасап қойдық. Қазір ол Білім министрлігінде қол қоюға жіберілген. Ол болатын болса, Түркияда домбыра сабақтары заңды түрде мектептерде оқытылады. Сол үшін тырысып жатырмыз. Бізді үлкен басшыларымыз естісе, өте қуанышты болар едік.

Домбыра үйірмесі сынақты сәтті тапсырған үздік шәкірттеріне арнайы сертификат табыстайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер