Ғасырға жуық сахнада. 300-ден аса рөл. Юрий Померанцев өзінің 95 жылдығын сүйікті сахнасында атап өтті. Кино және театр актері өз мерейтойында көрермендерімен қауышты. Ол Лермонтов атындағы орыс драма театрының сахнасында Израиль Горовицтің «Гастрольдегі оқиға» қойылымында ойнады. Үй қызметшісі Кэтрин мен профессордың рөлінен тұратын спектакльде Померанцев егде жастағы профессор Джакоб Брекшидің рөлін сомдайды.

МИХАИЛ ТОКАРЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ:

 - 95 жастағы адамда осыншама күш-жігердің болуы таңқалдырады! Көрерменнің алдында өзін еркін сезініп қана қоймай, оларға ой тастай білу, әсер ету – нағыз өнер. Осынша жасқа келіп үш сағат бойы сахнада тұрып, жұмыс істеудің өзі қаншама күш-қуатты қажет етеді. Әлемде мұндай ғажап адамдар сирек кездеседі.

ЮРИЙ ВОЙНОВСКИЙ, КӨРЕРМЕН:

 - Қанша жасқа келсе де сахнаны сезіне біліп, бар ынта-жігерін салып, берілген рөлді сомдап шығудың өзі ғажап!

Юрий Борисович саналы ғұмырының 75 жылын театр сахнасына арнаған. Оның 64 жылын Алматыдағы Лермонтов атындағы театрда өткізді. Сахнада да, кинода да сомдаған рольдері әрқашан жарқын, есте қаларлық. Кезінде «Азаттық» фильмінде сатқын генерал Власовтың рөлін ойнап, әлемге танымал болды. Ал қазақстандық көрерменге «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі дәрігер Анатолий Николаевич Лавров рөлі арқылы жақсы таныс.

ВИКТОР ХАРЧЕНКО, СУРЕТШІ:

 - Таяуда  оның портретін жасадым. Сұхбаттаса отырып оның заман ағымынан қалмайтын қарымына, өзіне ғана тән дарынына риза болдым.

Юрий Померанцев сұқбат бергенді ұнатпайды. Ол бар айтарымды театр кейіпкерлері арқылы жеткіздім дейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер