Белгілі тұлғалар мен еліміздің тарихи сәттеріне арналған 30 туынды Астанадағы Елбасы музейінде қойылды

«Хан көтеру», «Керей мен Жәнібек», «Исатайдың өлімі», «Махамбет», «Жекпе-жек». Еліміздің өткеніне, белгілі тұлғалар мен тарихи сәттерге арналған 30 туынды Астанадағы Елбасы музейінде қойылды. Қылқалам шебері Мұратбек Жоламановтың көрмесі «Рухпен сырласу» деп аталған. Суретші туындыларында этнографиялық және эпикалық сюжеттер басым. Оның әрбір образы – қайталанбас туынды. Тарихи тұлғаның образын туынды арқылы шебер жеткізу үшін суретші кейіпкердің ғұмырын егжей-тегжейлі зерттеген. Суретшінің жарқын ғұмыры мен сарқылмас шығармашылық шабытын әріптестері, достары мен туғандары тамсана еске алуда. 

АРДАҚ ТӘШІМОВ,  СУРЕТШІ, МҰРАТБЕК ЖОЛАМАНОВТЫҢ ДОСЫ:

 - Мұратбек артында өшпес мұра қалдырды. Оның жұмыстарынан шеберліктің диапазонын, кең ауқымын, стилистикасын көруге болады. Ол түрлі стильде туынды жаза білді. Мұратбектің туындыларының арасында сфералық, реалистік, абстрактілі еңбектерді кездестіреміз. Жұмыстарының әрқайсының өзіндік ерекшелігі мен қолтаңбасы бар. 

Мұратбек Жоламанов ізденістегі суретші ретінде шынайы авангард жанрында да жұмыс істей білген. Оған «Атилланың елесі», «Рухты шақыру», «Айдаһарлар биі», «Тұмар», «Қорқыттың теңізге келуі» сынды картиналар куә. Қылқалам шебері туындыларының басты ерекшелігі – қайталанбас шығармашылық шешім. Мұратбек Жоламанов пейзаждарына өнертанушылар туған табиғатқа арналған гимн деген баға беріп отыр. 

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ-ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мұратбек Жоламанов жаңа дәуір жаршысы болды деп айта аламын. Қазіргі уақытта суретшілеріміздің, мүсіншілеріміздің, музыканттар мен балет артистеріміздің арқасында қазақ өнері әлемге танылуда. Ал Мұратбек Жоламанов 98-99 жылдардың өзінде Қазақстанда ғана емес, барша әлемдегі өнерсүйер қауым үшін қызықты туындылар жасап, тың образдар мен символдарды көрсете білді. Дәл сол образдар қазіргі таңда кеңінен таралуда. Сондықтан Мұратбек Жоламановтың туындыларына қазіргі уақытта қызығушылық артпаса, азайған жоқ.

Өз заманынан оқ бойы озған. Мұратбек Жоламановты көзі көргендер осындай ойда. Оның қайталанбас стилі мен техникасы өнертанушылар мен дарынын құрметтейтіндерді әлі де таң қалдыруда. Ол өз елінің мұрасын барша әлемге паш етуді армандайтын. Суретшінің бұл арманы орындалды. Мұратбек Жоламановтың шығармашылығы ұмытылған жоқ. Оның картиналары Түркия, Польша, Ұлыбритания, Корея сынды елдердің музейлері мен жеке қорларында сақталған.