Қазақ жерінен табылған «Алтын Адам» Әзербайжанға жеткізілді

Қазақ жерінен табылған «Алтын Адам» Әзербайжанға жеткізілмек. Ұлттық музей қызметкерлері Бакуде өтетін көрмеге сақ көсемінің қабірінен табылған алтын киім мен 130-дан аса зергерлік бұйымдар ұсынбақ. Енді ұлы даланың төсін кезген көшпенділердің өнері күллі жаһанға көрсетіледі. Әзербайжанның тарих музейінде ұйымдастырылатын «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнердің жауһарлары» атты халықаралық шараның мақсаты – қазақ пен әзербайжан халқынынң ортақ мәдениетін паш ету. Көрмеге қойылатын жәдігерлердің арғы-бергі тарихы қазақ және әзербайжан тілінде кітапшаға жазылады. Әзербайжан астанасы Бакуде өтетін шара келер жылы Қазақстанда жалғасады.

САБУХИ АХМЕДОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ТАРИХ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Біз Әзербайжан халқының қазақ мәдениетімен танысуын қош көрдік. Ең алдымен бізді Қазақстанның Ұлттық мұражайында тұрған «Алтын адам» қызықтырып отыр. Ол – қазақ мәдениеті мен түркі әлеміне жаңа жол ашқан бірегей дүние. Әзербайжанға әкелінетін бүкіл зат тұтас экспозицияны құрайды, бұл көрменің тарихи маңызы зор. Осы шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстанның Ұлттық мұражайындағы әріптестерімізге алғыс айтамыз.