Қазақстандық дизайнерлер Лондонда халықаралық Silkway fashion show сән қойылымына қатысты - Kazakh TV

Қазақстандық дизайнерлер Лондонда халықаралық Silkway fashion show сән қойылымына қатысты. Кешті ұйымдастыруға Англияда тұратын жерлесіміз Алма Фармер ұқолғабыс жасаған. «Ұлы Жібек жолы» – бүгінгі күні саяси, экономикалық  һәм мәдени тұрғыда өте өзекті әрі қызықты тақырып. Бұл ретте Қазақстанның бірегей мәдениетін танытуға жас әрі дарынды дизайнерлер тартылды. Олар өз топтамаларында ұлттық нақышты кеңінен қолданыпты.

АЛМА ФАРМЕР, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

 - Қазақстан дизайнерлері өзіндік үлес қосып жатқаны даусыз. Жергілікті халық біле бермейтін  ерекше стиль көптің көңілінен шықты. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – жаһан жұртына өз туындыларымызды  барынша таныту.

Қазақстандық дизайнерлер Айжан Сәлімбаева мен Жанар Қайнарбаева өз топтамаларында Ұлы дала елінің мәдениеті мен тарихын барынша жеткізуге күш салыпты. Түрлі бағытта жасалған жұмыстарды шығыстық колорит біріктіреді. Жанар киізден орындалған заманауи киім үлгілерін таныстырды.

ЖАНАР ҚАЙНАРБАЕВА, ДИЗАЙНЕР:

 - Меніңше, шетелдік көрерменге Қазақстанда жасалған, киізден тігілген өнімдер ұнауы керек. Өйткені шығыс мәдениеті ол өте нәзік әрі европалық қоғамға әрдайым қызықты  болатыны сөзсіз.

Айжан көпшілік назарына былғарыдан жасалған аксессуарларын ұсынды. Жалпы, шетелдіктерді Жібек жолы елдерінің өзіндік мәнері айрықша қызықтырады, дейді сән әлемінің сарапшылары. 

ВЕСНА ПЕТКОВИЧ, СӘН САРАПШЫСЫ:

 - Дизайнерлердің талғамы керемет және мен олардың еңбегін жоғары бағалаймын. Жас мамандардың қолынан шыққан туындылар бізді ерекше әсерге бөледі. Біз  әрдайым өзгеше дүниелер көруге асықпыз.

Silkway fashion show кешіне Қазақстаннан бөлек Ресей, Венгрия, Иран, Португалия және Ұлыбритания елдері қатысты. Бұдан өзге, шетелдік көрермендер қазақтың киіз үйін көріп, көшпенді халықтың тұрмысымен танысып, тіпті, ұлттық аспабымыз - домбыраны шертіп те көрді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер