Оралда Республикалық «Қансонар-2018» бүркітшілер жарысы өтті - Kazakh TV

Қыран – ерліктің символы болса, құсбегілік – бекзат өнер. Еліміздің 10 өңірінен 20-дан аса саятшы Оралда шеберлік байқасты. Бүгінде көк туымызда қанат қаққан қыранды қолдарында қондырып жүрген құсбегілер көне дәстүрді кеңінен насихаттап жүр. Маңғыстаудан келген Айшуақ Таймановтың құсы томағасын түргеннен бастап, тартыстың алдын бермеді. 

АЙШУАҚ ТАЙМАНОВ, ҚҰСБЕГІ:

 - Ашаршылық заманда да бір ауылды асыраған, мына жаңа жігіттер құмай тазыны әкеліп жатыр. Барлығы да бір-бірімен байланысты. Жүйрік ат, құмай тазы, берен мылтық, қандыауыз қақпан. Жеті қазынаның бірі ғой енді тазы да бүркіт те. Сол ата-бабамыз бұрын ұстаған, соны әрі қарай, дәріптеуші, жалғастырушы, насихаттаушы болып әкелеріміздің ізін басып келе жатырмыз.

Таулы аймаққа жатпайтын батыс өңіріндегі саятшылар көбіне қаршыға мен сұңқар секілді қырдың жыртқыш құстарын баптаған. Алайда бітімі бөлек, жемтігін ілу сипаты өзгеше келетін оралдың ақиығы шың басынан шыққан мұзбалақтан кем түспейді.

РАМАЗАН СӘТТІБАЙ, ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

 - Батыс Қазақстан жерінің бүркітшілеріне келер болсақ, бұл жақта бүркіт бар. Бірақ, Ақмола, Алматы облысындағыдай, Атыраудағыдай керемет көп бүркіт ұстап дамымаған, бірді-екілі бүркіт бар. Бірақ енді биылдан бастап жасөспірімдер спорт мектебінде балаларды тәрбиелеп, қаршыға, ителгі сияқты жеңіл құстармен бастап өз қатарларын керегелерін көбейтеді деп ойлаймыз.

Жиналған жұрт қырандарын қияға әуелеткен құсбегілер өнеріне тәнті болды. Саятшылар ат үстінде бүркітті қолға шақыру, текті жануардың иесімен байланысын анықтау және шырға салу бойынша сынға түсті. Одан соң бүркіттердің қоян мен түлкіні алудағы алғырлығы бағаланды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер