Атақты неміс сазгері Карл Орфтың «Кармина Бурана» туындысын естімеген адам кемде-кем. Алғашқы нотасынан-ақ өзіне баурап алар әсерлі музыкалық кантатаны «Астана Опера» ұжымы сахна тіліне орайластырып шығарды. Бұл театрландырылған әуенді қойылымның түпнұсқасынан басты ерекшелігі – тұңғыш рет жас бала даусы қосылып отыр. Ересектерге арналған тенор дауысты аса күрделі партияны театр жанындағы балалар студиясының солисі Қажымұрат Еркін атына заты сай ерекше қажырлықпен орындап шықты. 

Небары 10 жастағы дарынды өреннің сахнада жүргеніне 6 жыл болыпты. Қажымұрат осыған дейін Пуччинидің «Тоска» туындысындағы Бақташы бала рөлін сомдап, «Богема» операсында жеке соло орындады, сондай-ақ бірқатар сахналық қойылымда аға буын әріптестерімен тең қатарлы өнерімен танылып жүр.

ҚАЖЫМҰРАТ ЕРКІН, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ БАЛАЛАР СТУДИЯСЫНЫҢ СОЛИСІ:

 - Осы партияның жоғары ноталары өте қиын. Мен осы партияны бір жарым апта жаттадым. Сөздерін мұғаліміміз екеуіміз анықтап жөндеп алдық. Қазақстанның атын әлемге танытқым келеді. Үлкен партияларды сомдап әлемнің ең мықты әншісі болғым келеді.

Ал сопрано партиясын Башқұртстанның еңбек сіңірген артисі Альфия Каримова, баритон – халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Ғалеевтің орындауында шырқалды. Әуезді бағдарламаның көркін  симфониялық оркестр, ересектер және балалар хорлары аша түсті. Музыкалық кешке еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов жетекшілік етті.

АБЗАЛ МҰХИТДИНОВ, ДИРИЖЕР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Бұл жай ғана қатардағы орындалып жүрген кантента емес. Негізгі күш хорға түскенімен музыканттар, әншілер мен сахнадағы бар ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі. Туындының мән-мағынасын жеткізу үшін қимыл керек. Театрландырылған қойылымға актерлердің ойынын кірістірдік. Ескі шығарма болғанымен, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін қостық. Экраннан туынды мазмұнын ашатын үлкен ақпарат таратылды. 

Карл Орфтың «Кармина Бурана» туындысы орта ғасырдағы еуропалық сал сері ақындардың шығармашылық жиыны болып табылады. 18-ші ғасырда құрылған кантантаға түрлі тақырыптарды қамтыған 315 поэзиялық шумақтардан тұратын 24 өлең кіріп отыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер