Орталық Азия ғалымдары түркі елдерінің ортақ тарихын зерттемек

Бабалар ізінің бойымен өткенге саяхат жасау арқылы түбі бір түркі елдеріне ортақ тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу.  Орталық Азия ғалымдары бірлесіп қолға алған бұл игі  іс биыл да жалғасын табады. Ендігі кезекте бауырлас халықтардың өткенінен сыр шертер Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалалардың терең қатпарлы шежіресі зерделенбек. Бұл мақсатта алдағы көктем айларында өзбек және қазақ ғалымдары «Сайраннан Самарқанға дейін»  халықаралық экспедициясын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.  

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Самарқанда, Нұратада Жалаңтөс  батырдың, Әйтеке бидің бейіті болса, Ташкентте Төле бидің бейіті бар. Хиуада, Үргеніште Бекет атаның оқыған жері сол сияқты Өзбекстанның, Қырғызстанның көптеген жерлерінде тек қазақ халқының ғана емес, сол көне дәуірлердегі ортақ құндылықтарымыздың барлығын осы киелі жерлер бағдарламасы аясында біз зерттеуге мүделіміз.

Сапар барысында көне түркі дәуіріне тиесілі шаһарлар мен киелі мекендердің жер қойнауында жатқан сырын ашуға бағытталған архиологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен қатар, тамырлас халықтардың әдеби мұрасы және этнографиясы зерделенеді.

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Таңбаларды, теңгелерді зерттеу. Сонымен қатар түркі өркениетіміз,Жібек жолы бойындағы қалалар мәдениеті, ортақ жәдігерлер, қолжазбаларымыз осылардың барлығын біз жобалардың нәтижесінде кітап етіп шығарып отырамыз. Жалпы түбі бір түркі елдерінің, әсіресе Орта Азия елдерінің мұрасын зерделеуді біз Қазақстандағы Елбасы бастамасымен жүзеге асқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асыра береміз.

Халықаралық түркі академиясы алдағы сәуір айында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб пәтерінде «Орталық Азиядағы жойылу қаупіндегі түркі тілдер» тақырыбында форум өткізуді жоспарлап отыр. Жиынға аймақтың ғалымдары мен зиялы қауымы тегістей қатысады деп күтілуде.