Қазақстандық дизайнерлердің ерекше киім үлгілері Миланда таныстырылды

Биылғы жылдың ең соңғы әрі ерекше киім үлгілері Миланда таныстырылды. Сән әлемі астанасындағы сахна төрінде қазақстандық дизайнерлердің туындылары да  көпшілік назарына ұсынылды.  «Opening Milan fashion week» сән көрсетілімінде Индира Білісбекова әйелдерге арналған коллекциясын көрсетті. «Сән мен сахна» халықаралық сахналық фестивалінде жеңімпаз атанған отандасымыз өз топтамасын алғаш рет шетелде ұсынды.

ИНДИРА БІЛІСБЕКОВА, ДИЗАЙНЕР:

 - Мен әрине таңғажайып шоу күтемін. Бірнеше стильді біріктіріп, ерекше этникалық образдар құрастырдым. Өзгеше туындыларым көрермендердің көңілінен шығады деген сенімдемін.

Қазақстандық дизайнердің коллекциясы «Гүл бақшасы» деп аталып, кешке романтикалық көңіл-күй сыйлады. Көктемгі гүлдер 6 сәнді текстуралы матадан тігілген. Онда ақшыл көк, қызыл күрең, фуксия түстері жымдасып жатыр. Дизайнердің айтуынша, Жапонияға жасаған іс-сапарынан соң туындыларына бірнеше шығыс мәдениетін араластыру ойына келген.

«Opening Milan fashion week» сән көрсетілімі жас дизайнерлердің киім үлгілерін Еуропа елдеріне кеңінен таныстыруға жол ашты. Жас таланттардың жұмысы халықаралық қауымдастыққа ұсыну үшін түрлі қатаң іріктеулерден өтті. Ұйымдастырушы Элена Савоның айтуынша, сәні мен салтанаты келіскен, өзіндік тарихы бар Еуропа қазақстандық дизайнерлердің шабытын оятқан.  

ЭЛЕНА САВО, OPENING MILAN FASHION WEEK КӨРСЕТІЛІМІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

 - Көрсетілімдегі ерекшелік не дейсіз ғой? Әрине, Шығыс мәдениеті! Түрлі жарқын түс басқалардан ерекшелеп тұрады. Әсіресе, жарқын, ашық реңктерге  сұраныс жоғары. Қазір нарыққа жаңа есім, жаңа бренд қажет. Сол себепті қызығушылық артқан. Жас дизайнерлер қолдарынан келген барлық мүмкіндікті пайдалануы тиіс. Себебі қазір дәл солардың уақыты.

Подиумдағы санаулы минут жас қатысушыларға жаңа серпін беріп, үлкен мүмкіндіктерге жетелейді. Қазақстандық дизайнер Индира Білісбекованың коллекциясынан бөлек, Италия, Ресей, Монако, Австралия елдерінен келген жас сәнгерлердің жұмыстарын көруге болады.