2018 жыл - Түркияда "Мағжан Жұмабаев жылы" болып жарияланды

2018 жыл Түркияда қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың жылы болып жарияланды. Ақынның туғанына 125 жыл толуына орай бауырлас ел 50-ден аса іс-шара өткізуді жоспарлапты. Атаулы шараның ашылуы Кастамону қаласында басталып, Анкарада жалғасты. Алдымен ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, оған 10-нан астам елден мемлекет қайраткері, ғалым, саясаткерлер мен ақын-жазушылар жиналды. Ақынның туған жері – Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы делегация барып, басқосуда ақын өмірі жайлы бұрын құпия сақталған деректерді баяндады. Біртуар ұлдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильмнен үзінді де көрсетілді. Еске сала кетейік, Мағжанның абақтыдағы өмірі атылғанға дейінгі тағдыры бейнелеген фильмді жазушы Марат Қоңыров бастаған топ түсіріп, оны түрік халқы дубляж жасаған болатын. Фильм Түркия көрермендеріне көрсетілді. Сонымен қатар, осы жылы ақынның 26 өлеңі түрікшеге аударылып, жеке жинақ болып жарық көрді.

АСҚАР ҚҰРМАНБАЕВ, «ТҮРКСОЙ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Түркиядағы ең үлкен соғыстардың бірі – «Чанаккале» соғысы. Атақты соғыста 250 мың түрік шейіт болды. Сол қиындықты Мағжан Жұмабаев  естіп, «Алыстағы бауырыма» деп өлең жазған. Тек өлең жазып қана қоймай, қазақ байларынан алтын жинап, ақша жинап, бауырлас халыққа көмек көрсеткен. Сондықтан түріктер Мағжанды жақсы көреді, құрмет тұтады.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, «МАҒЖАН» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Мағжанды түрік әлеміне таныту осындай шаралардан бастау алу керек. Өтіп жатқан конференцияда ғалымдар, әдебиетшілер Мағжанның өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген әңгімелер, нақты деректерге құрылған ізденістер мен өздерінің тың туындыларын осы халыққа ұсынып жатыр. Мағжан – елін сүйген, жерін сүйген, түркі халқының болашағына қызмет еткен адам. Соны жастар білу керек. Мағжанның рухын олар өздерінің бойларына сіңіру керек. Осы тұрғыдан алғанда өтіп жатқан шараның үлкен маңызы бар.