Мұсылман әлемінің архитектуралық мұрасы – мәдениет пен әдет-ғұрыптың қайталанбас үйлесімі. Сәні мен салтанаты келіскен жаһандағы діни ғимараттардың жауһарларын Орталық Азия аймағында орналасқан елдерден табуға болады. Солардың бірі – Қазақстанның Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп мешіті. Сегіз бұрышты жұлдыз түрінде салынған ғимарат 2001 жылы қолданысқа берілген. Ал ішін безендіріп тұрған, салмағы 3,5 тонна тартатын «Зумрад» аспалы шамын арнайы тапсырыс бойынша Ташкент шеберлері жасапты. Мұндағы неке қию, кітапхана, құран оқу залдары халыққа қызмет етіп тұр. Азияның керемет мешіттерінің ондығына кіретін Алла үйі 1500 адамға есептелген.

ҚАНАТ КӘБДІКӘРІМҰЛЫ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДАҒЫ МӘШҺҮР ЖҮСІП МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

 - Сыртқы көрінісі,  мына күмбезін алсақ біз  сол күмбезі қазақ халқының киіз үйіне ұқсас келеді  және 4 мұнарасын алатын болсақ бұл исламның жаңағы масхабы деп жатамыз төрт былай айтқанда сахаба, халифа деп жатырмыз мысал ретінде келтіріледі. Мұнараның  биіктігі де 63-ке сәйкес келіп тұр. Бұл 63 пайғамбарымыздың қайтқан жасына сәйкес алынып тұр.

Азияның әсем 10 мешітінің топтамасында Әзірет Сұлтанның да алар орны бар. 2012 жылы 6 шілдеде ашылған ғибадат үйі астаналықтар мен қала қонақтарының, туристердің ең көп баратын жеріне айналды. 12 мың адамға арналған ғимаратқа айына 80 мыңнан астам адам келіп-кетеді. Сәулетші Сағындық Жанболатовтың айтуынша, мешітті жобаламас бұрын бірнеше елде дәл осы нысандардың сәулетіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілген екен.

САҒЫНДЫҚ ЖАНБОЛАТОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ СӘУЛЕТШІСІ:

 - Алыстан қарағанда мешіт ақ болып көрінеді. Жақыннан қарағанда әр түрлі түс шығады. Жасыл, жылы түстер шығады. Бұл мешіт ешқандай араб жеріндегіге ұқсамайды, Иран, Татарстанға ұқсамайды. Бірінші мешіт қазақтың стилінде классикалық үлгіде.  

Рухани, мәдени-ағарту орталығына айналған үш қабатты мешіт ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда Елбасы сыйға тартқан «Күміс құран» бар. Ол арнайы тапсырыспен Ресейдің ақша зауытында жасалыпты. Жартысы бір қабырғаға, қалған жартысы қарсы беттегі қабырғаға ілінген. Ал «Осман құраны» сегізінші ғасырдағы көне исламдық қолжазбаның нақты көшірмесі. Түпнұсқасы Санкт Петерборда қолжазбалар институтында сақталған. Мешітке Елбасы тартқан тағы бір құран – Қазақстандағы көне жәдігер, салмағы 40 келі тартады.

БАҚЫТЖАН ӨТКЕЛБАЕВ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

 - XII ғасырда Хауа Ибн Бадулла  деген қари үнді пакистандық қари осыны жазған. 14 ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен қазақ жеріне әкелінген. Қамыс қаламмен сияға батырып отырып жазған. Каллиграфия құсни хат дейді ислам терминінде. 

«Әзірет Сұлтан» мешітінінің ерекшелігі мұнымен шектелмейді. Ғимаратта салмағы 3 тонна тартатын аспалы шам ілініп тұр. Сонымен қатар, құранда аталған 25 пайғамбардың есімдері де осында ғана жазылыпты.

Ал Орталық Азия елдері арасындағы ең ірі әрі көрікті құлшылық үйі – Түркменбашы рухы. 2004 жылы ашылған мешіт 10 мың адамды сыйдырады. Ақ мәрмәрмен қапталған ғимараттың қабырғалары Құран аяттарымен, Түркменбашының «Рухнама» кітабынан үзінділермен безендірілген. Мешіт  Түркменстанның тұңғыш Президенті Сапармұрат Ниязовтың құрметіне аталған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер