Қазақстан телевизиясына – 60 жыл - Kazakh TV

Заманауи, роботталған, бір сөзбен, қажеттінің бәрімен жабдықталған телестудия – елордалық медиа орталықтың мақтанышы. Ол тәулігіне 24 сағат бойы жаңалықтарды тікелей эфирде жүргізуге мүмкіндік береді. Ал телевизиялық өндіріс процесін бар болғаны 1  маман  жүзеге асыра алады. Бір ғана тетікті басу арқылы бас режиссер жаңалықтар топтамасын эфирге жібереді.

ӘЛФИЯ ХАЙДАРОВА , ЖАҢАЛЫҚТАР ЖҮРГІЗУШІСІ:

 - Бізге шетелдік қонақтар жиі келеді. Бұл студияда біз күн сайын тікелей эфирге шығамыз. Бұған дейін 5 оператор болатын, олардың әр қимылына көңілің бөлінеді, ондай да кездер болған. Ал қазіргі уақытта студияда диктор мен камера ғана болады. Жұмыс істеу өте ыңғайлы.

Елдің 8  арнасы мен 3 радио орын тепкен медиа орталық басшылығының айтуынша, роботталған мұндай телевизиялық студияның баламасы ТМД елдерінің ешбірінде жоқ. CNN, BBC, NBA TV , Sky,  TV2 және TV4 сынды белгілі әлемдік телеарналар ғана студияларының мұндай заманауи құрал-жабдықтарымен мақтана алады. Канадалық техниканы сатып алу жаңалықтарды эфирге шығару үрдісін барынша жетелдетіп, жетілдірген.

БАҒИЛА ИСАҚОВА, «ҚАЗМЕДИА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Студияларды жетілдірген соң визуалды артықшылықтарды да аңғардық. Бұл, ең алдымен, студиядағы қосымша шынайылықтың мұмкіндіктеріне қатысты. Яғни роботталған құрылғылар трекинг мәліметтерді де бере алады. Студиядағы виртуалды графика  соған сәйкес ұлғайтылып, кішірейтіледі. Бұл картинаның сапасын, мейлінше, жақсартып отыр.

Расымен де, қазіргі таңда отандық телевизия саласының мүмкіндіктері шексіз деуге болады. Бұған заманауи студиялар, түсірілім павильондары, бай материалдық-техникалық база мен соңғы буындағы құралдармен жабдықталған монтаж бөлмелері дәлел. Ал осыдан 20 жыл бұрын жағдай мүлдем басқаша еді.

ГҮЛНАР АЙСАҚОВА,  ХАБАР24 ТЕЛЕАРНАСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР БӨЛІМІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Басында біз диктофоннан диктофонға CNN мен BBC-дің жаңалықтарын жазып алатынбыз. Кейін бобина, яғни катушкалар шықты. Ол былай жұмыс істейтін: Барабанда қағаз айналып тұрады, оған мәтін жазылады. Бұдан соң, әрине, мұның бәрі компьютерге көшіріле бастады. Кейін бейнені көшіру басталды. Біз видеоның шығатын уақытын күтіп, бейнені өзімізге жазып алатынбыз. Ал қазіргі уақытта бейне да, мәтін де үнемі компьютерге түсіп отырады. Бәрі өте жылдам жүзеге асады. Жалпы телевизия өзгергендей, біздің де жұмысымыз уақыт өте келе қатты өзгерді.

Қазіргі телевизияның даму қарқыны өте жылдам. Жылжымалы телевизиялық стансалардың арқасында оқиға орнынан тікелей эфирге шығып, көрерменді соңғы жаңалықтардан  хабардар етуге болады. Бұл қосылымдар елдің кез келген жерінен, кез келген уақытта спутниктік байланыс жүзеге асырылады. Тың технологияларды пайдалану журналистер жұмысын барынша сапалы әрі ыңғайлы етеді,-дейді елордалық медиа орталық басшылығы. Мәселен, тікелей қосылымдар үшін елімізде осымен 3 жылдан бері LiveU деп аталатын мобильдік бағдарламалық-аппараттық кешен қолданылады. Ол 3G және 4G мобильдік желілері арқылы аудио және бейне сигналдарды жеткізеді. APTN ақпараттық агенттікпен әріптестік орнатудың арқасында тікелей қосылымдар шет елден де жүргізіле береді.

ЕДІЛ ЕРМЕКБАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ БАС ОПЕРАТОРЫ:

 - Мен 1993 жылы Шерхан Мұртаза төрағалық еткен «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясына жұмысқа орналасқан болатынмын. Ол кезде «супер ВХС» камерасын қолдандық. Екі сағаттық кассетаның сапасы көңіл көншітпейтін. Қазіргі уақытта бізде сапасы айтарлықтай жоғары  «Full HD» форматы қолданылады. 1999 жылы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде жұмыс істедім. Біз сюжетті түсіріп, монтаждап, кейін материалды поездбен немесе ұшақпен жіберетінбіз. Ал қазір тіпті кез келген жерде тікелей қосылымға шығуға болады.

Отандық телевизияда жарты ғасырдан астам уақыт ішінде адам сенгісіз өзгерістер болды. Бұл іс әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда Қазақстанда аналогтық телевизияны цифрлық жүйеге көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл өзгерістер көрермендерге әлдеқайда сапалы телевизиялық өнім ұсынуға жағдай жасайды, дейді сарапшылар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер