Қазақ теноры Қуат Бағысбектің Ресейдегі жеке концерті әдеттегідей табысты аяқталды - Kazakh TV

Қазақ теноры Қуат Бағысбектің Ресейдегі жеке концерті әдеттегідей табысты аяқталды. Әлемнің түкпір-түкпірінде шығармашылық кешін өткізіп жүрген әнші бұл жолы Мәскеудегі Федор Шаляпин атындағы музейде өнер көрсетті. Концертте жаһандық жауһарлар Чайковский, Пуччини, Верди операларынан ариялар шырқалды. Отандық композиторлардың да шығармалары тыс қалмады. Балнұр Қыдырбек, Владимир Стригоцкий-Пак пен Хабибулла Сетековтың туындыларын өнерсүйер қауым жылы қабылдады. Атап өтейік, Қуат Бағысбек маэстро Аугусто Чиаватта, Ла Скала театрының әйгілі виолончель шебері Клаудио Казадеи тәрізді талғамы биік музыканттардың оң бағасын алып, талай  халықаралық конкурстардың лауреаты атанған.

ҚУАТ БАҒЫСБЕК, ӘНШІ:

 - Осы концерт «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтіп жатыр. Концертте Чайковскийдің, Верди, Пуччинидің жане де көптеген Еуропалық, шетелдік композиторлардан басқа міндетті түре әр концертте мен халық әндері мен Қазақстан композиторларының шығармаларын орындаймын.

МАРЖАН ЖАҚСЫМБЕТОВА, КӨРЕРМЕН:

 - Мен үшін қазақ әнінің шырқалғаны теңдессіз сый болды. Біз бұл концертке  бүкіл жанұямызбен арнайы келдік, өйткені Мәскеуде туып-өскен балаларымды қазақтың төл мәдениетімен, қазақ музыкасымен таныстырғым келді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер