Атырау облыстық тарихи өлкетану музейі Құрманғазы жерленген РФ Астрахань облысында көшпелі көрме ұйымдастырады

Қазақтың дәулескер күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының өнері мен шығармашылығы шет  елдерде де танымал. Күйші атындағы мемлекеттік оркестр оның өлмес шығармаларын Лондон мен Париж, Нью-Йорк пен Рим секілді әлемнің ең беделді деген сахналарында орындап келеді. Құрманғазы шығармаларын шет елдерде насихаттау шарасын енді Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің ұжымы қолға алмақ. Аталған музей биыл Құрманғазы жерленген РФ Астрахань облысында көшпелі көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, бұл мұражайда Құрманғазының қолы тиген, өзі ұстаған құнды бұйымдар сақтаулы. Мына мылтықтың 2 ғасырлық тарихы бар. 1849 жылы Тула зауытында соғылған қаруды өмірі таласқа толы күйші қара домбырасымен қатар алып жүрген.

ДИНАРА БЕЙСЕМБАЕВА, ЭКСКУРСОВОД:

 - Бұл мылтықты Құрманғазы атамыздың ұрпақтары ұзақ жылдар бойы сақтап келіп, кейіннен оны өнер қайраткері Қаршыға Ахмедьяровтар отбасына табыс еткен. Кейіннен Қаршыға Ахмедьяров 2000 жылы музейге табыс етті.

Ұлы сазгердің біздің заманымызға 60-тан аса күйі жетті. Құрманғазы туралы аңызға бергісіз әңгімелер де халық жадында. Ол тағдырдың жазуымен сайын сахараны кезіп өткен. Өмір бойы қуғындалып, жалған жабамен талай рет түрмегеде түседі. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Алатау» тағы басқа күйлері өмірбаяндық сипатта келеді.  Дала сазгері өзі жүріп өткен жолдарын күймен жазып кеткендей.

ГҮЛЗАДА НИЕТҚАЛИЕВА, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН:

 - «Сарыарқаны» алайық, даланың кеңдігі қазақ даласының ұлан-байтақтығы көз алдыңа елестейді. Құрманғазының күйлері Қазақстанның бүкіл географиясын көз алдымызға әкелетін ел шежіресінің  тарихы, ел өмірінің айнасы деуге болады.

Атырау өлкесі даңқты жерлестерін зор мақтаныш тұтады. Күйші туған Еділ-Қиғаш өзені бойындағы аудан Құрманғазы атымен аталады. Сондай-ақ облыс орталығында Мәдениет сарайы мен көше бар. Ал орталық гүлзардағы алып ескерткіш ғасырда бір туатын хас талантқа деген бүгінгі ұрпақтың құрметінің айғағы.