Қазақстанның фэшн-индустриясы халықаралық кеңістікті бағындыруда - Kazakh TV

Қазақстанның фэшн-индустриясы халықаралық кеңістікті бағындыруда. Отандық дизайнерлер Париж, Мәскеу, Рим және Миландағы әлемдік подиумдарда елді танытып жүр. Жылда халықаралық нарыққа беске жуық қазақстандық дизайнер шығады. Сарапшылар отандық брендтердің танымалдылығы артуда деп отыр. Олардың айтуынша, бұл өнімнің жоғары сапасы мен брендтердің сәнқойлар талабына сай екенін білдіреді.

ХАНУМ АЙДАШ, ДИЗАЙНЕР:

  - Қазір инстаграм желісіне кірсеңіз, көптеген дизайнерлерді таба аласыз. Олар өздері жасаған түрлі киімдерді сатады, бағалары да жазылған. Қайдан сатып алуға болатынын да білуге болады.  Мұны төңкеріс деп айтар едім. Яғни адамдар санасының революциясы. Олар отандық дизайнерлерге қызығушылық танытуда, топтамаларынан киімдер сатып алады.

Ханум Айдаш жас дизайнерлердің эксклюзивті тауарлары ұсынылған дүкен ашып отыр. Бұл жерде Сардана Ырғызбаева өзінің ерекше қысқы киімдер үлгісін қойған. Дизайнерлік киім Астананың құбылмалы, суық ауа райына сай. Өзінің келесі жұмыстарында сәнгер ұлттық нақыштағы киім-кешек шығаруға ден қоймақ. Оларды заманауи трендтермен араластыруды жоспарлауда. 

САРДАНА ЫРҒЫЗБАЕВА, ДИЗАЙНЕР:

 - Күнде адамның көңіл-күйі де әрқилы болады. Мен өзімнің көңіл-күйіме сай туындыларымды жасаймын. Кейде өте нәзік қылатын киім кигім келеді, сол кезде өз топтамамды да сондай қылып жасағым келеді. Түрлі идеялар туындайды. Ал кейде ыңғайлы әрі көзге түсетін киім кигім келеді. Сондықтан менің коллекциямның 2  желісі бар. Олардың бірі романтикалық, енді бірі гранж стилінде болмақ.

Он жылдан бері Ханум Айдаш «Сән мен Сахна» атты жеке фестивалін өткізеді. Бұл жоба 50-ден астам жас шебер үшін  бастама болды. Бұдан бөлек, дарындарға өз туындыларын Италия, Әзербайжан, және Түркия елдерінде көрсетуге мүмкіндік берді. Мәселен, биылғы жеңімпаздардың бірі – Индира Білісбекова Миландағы сән апталығына аттанбақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер