Астанада «Алтыншы бекет» көркем фильмінің тұсаукесері өтті

Астанада «Алтыншы бекет» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Картина Республика Ұлттық Ұланы жауынгерлерінің ерлігін паш етеді. Сюжеті осыдан 8 жыл бұрын елімізді дүр сілкіндірген оқиғаның негізінде құрылды. 2010 жылдың 22 маусымында түзеу клониясында жазасын өтеп жүрген жиырма бір қылмыскер қашуға бел буады. Олардың бұл әрекетіне Ұлттық Ұланның жауынгері – Ербол Отарбаев тосқауыл болады. Өзі жараланғанына қарамастан, сарбаз бір өзі қашқындардың жолын кесіп, ерлік танытады. Кинофильмді алғашқылардың бірі болып тамашалаған батыр, «Айбын» орденінің иегері сол күнгі оқиғаны былай еске алады. 

ЕРБОЛ ОТАРБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ОФИЦЕРІ:

- Менің бойымда қорқыныш сезімі болды. Ол қорқыныш сезімін жеңі үшін де күш-жігер керек. ойланатын болған жоқ. Сотталған азаматтар түзелу үшін келеді. Олар маған оқ атып қашып жатса, біздің елімізге зияндарын тигізеді. 

Отанына қорғау болған жас батырдың бейнесі толықметрлі көркем фильмге арқау болды. Фильм авторларының айтуынша, ұлының ерлігін ел білуге міндетті.

ДАНИЯР ИБРАГИМОВ, ФИЛЬМ РЕЖИССЕРІ:

- Түсіру жұмыстарына екі айдай уақыт кетті. Наурыз айында бастадық, жұмыс әлі де жалғасуда. Яғни өндіріс аяқталған жоқ. Оны прокатқа дайындауымыз керек.  Осылайша, 9 айдай уақыт қажет болды. Мұндай жанрда фильмдер түсіруге мүмкіндік бол. Бүгінгі күннің өзінде батырлар бар. Тек оларды халыққа танытуымыз қажет.

Бас кейіпкердің бейнесін сомдау актер Санұржан Сүлейменовке сеніп тапсырылды. Ол отандық көрерменге «Аңшы бала», «Жаужүрек Мың бала», «Рэкетир-2» фильмдерінен танымал.

САНҰРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ, АКТЕР:

- Нағыз батырдың бейнесін сомдау мен үшін үлкен жауапкершілік және бағындырған тағы бір белес болды. Бұл міндетті атқара алмадым ба, оны Ербол Отарбаевтың өзі және фильмді тамашалаған көрермен шеше жатар.

Бейбіт күннің батыры туралы тың туынды Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен және «Хабар» агенттігінің әріптестік етуімен түсірілді. Картина келесі жылдың басында көрерменге жол тартады.