Айрықша би мен ауқымды сценография. «Астана Балет» театры көрерменін кезекті тың туындымен қарсы алды. Елордалық сахнада «Саломея» балетінің тұсауы кесілді. Қойылым жетекшісі әрі театрдың бас балетмейстері көркем туындыны сахналауға бір жыл бойы қамданғанын айтады. Төккен тер мен тынымсыз еңбек жемісін беріп, Оскар Уайльдтың пьесасына негізделген спектакль көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

МУКАРАМ АВАХРИ, "АСТАНА БАЛЕТ" ТЕАТРЫНЫҢ БАС БАЛЕТМЕЙСТЕРІ:

- Мен осы спектакльді ойдағыдай қойып шыққанымызға өте қуаныштымын.  Өткені бұл шығарма басқалардан ерекше. Ал оны біздің әртістер жоғары деңгейде орындады. Бұл, әрине, ерен еңбектің арқасы. Алғашқыда қатты уайымдағаным сахнада су сепкендей басылды. Көрерменге туындының мәні мен мазмұнын жеткізе алдық деп ойлаймын.

Бұл туынды яһудейлік патшаның Саломея есімді асыранды қызының өмірі жайлы баяндайды. Өгей әкесін мың бұралған бимен арбап алған арудың махаббат сезімі мен тылсымға толы бастан кешіргендері  талай шығармаға арқау болды. Қазақ сахнасында ирландық драматургтың пьесасы өзгеше мәнерде түрлене түсті. Кардебалеттің орындауындағы әсем хореография  мен бас кейіпкерлердің әсерлі ойыны қойылымның көркін аша түсті.

АЙЖАН МҰҚАТОВА, "АСТАНА БАЛЕТ" ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСТІ:

- Бұл қойылым кішігірім кино туынды тамашалағандай әсер қалдырады. Көрермен балеттің таңғажайып әлеміне саяхат жасағандай күйде отырады. Мұны өздеріңізде байқаған боларсыздар. Мен сахналас әріптестерімммен барлық театр ұжымына алғысымды білдіргім келеді. Осы спектакльді сахнаға шығару үшін барлығы бір адамдай жұмыла кірісті. Әрбірі өз үлесін қосты. Басты сыншы көрерменнің толассыз шапалағы еңбегіміздің зая кетпегендігінің айғағы деп білемін

Қойылымда сахна саңлақтарына шығармашылық тұрғыда көсілуге еркіндік берілгенін айта кету керек.   Труппаның толық құрамда екі ай бойғы тынымсыз дайындығының нәтижесін тамашалаған өнерсүйер қауымның берген  бағасы жоғары болды.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер