Қырғызстанда «Әлем Айтматовты оқиды» онлайн-флэшмобы басталды

«Әлем Айтматовты оқиды».  Қырғызстанның білім және ғылым министрлігі осындай тақырыпта қоғамдық шара бастады. Іс-шара қырғыз жазушысының 90 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Оған әлемнің түпкір-түпкіріндегі кез келген адам қатыса алады. Ол үшін ұлы жазушының шығармасынан үзінді оқып, бейнежазбаны интернетке орналастыру керек. Акция жақында ғана бастау алғанымен, оны қолдаушылар күн санап артып жатыр. Әлем қолдаған жоба аясында жүздеген видеожазбаны интернеттен кездестіруге болады. 

АЙЗУРА ЧЫКЫНОВА, ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Акция Шыңғыс Айтматов мұрасын кеңінен насихаттау және ұлы қаламгердің шығармашылық мәдениетін қалыптастыру мақсатын көздейді.  Шараға қатысуға ниеттілер жазушының туындысынан үзінді оқып, оны әлеуметтік желідегі өз парақшасына #Aitmatov #educationkg  хэштегімен жариялауы тиіс.

«Әлем Айтматовты оқиды» онлайн-флэшмобы – қырғыз жазушысының 90 жылдығына орай Қырғызстанда басталған алғашқы шараның бірі. Биыл айтулы дата аясында қырғыз үкіметі бекіткен арнайы іс-шаралар  жүзеге асырылады. Түрлі көрмелер мен конференциялар ұйымдастырылып, жазушының еңбектері қайта басылады. Шығармалары желісімен деректі фильмдер мен кино түсіру де жоспарда бар.

АЙНҰР  АСАНБАЕВА, ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ МӘДЕНИЕТ,АҚПАРАТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесімен фильм түсірілгенін бәріңіз білесіздер. Еліміздің мәдениет, ақпарат және туризм министрлігі сол фильмді қайта түсіруді ұсынды. Бүгінде осыған қатысты шаруа басталып кетті. Режиссерлар жұмыс істеп жатыр.

Айтматовтың 90 жылдық мерейтойы тек өз отанында ғана  аталып өтпейді. Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы 2018 жылды Айтматов жылы деп жариялады. Осыған орай ТЮРКСОЙ-дің ұйымдастыруымен ұйымға мүше елдер Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркменстан мен Түркияда түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Сонымен қатар туған жері Таласта Айтматов орталығын ашу жоспарланып отыр. Жақын арада қырғыз үкіметі мемориалдық ескерткіш капсула орнатпақ ниетте.