«Астана Опера» театры Алматыға гастрольдік сапармен барды

«Астана Опера» театры Алматыда. Абай атындағы Опера және балет театрының сахнасында өнер ұжымы танымал хореограф Кеннет Макмиланның «Манон» балетін қойды. Әйелдің қайғылы тағдыры туралы сыр шертетін қойылымды көру үшін залға көрермен лық толды. Әлемге әйгілі балет бұған дейін Алматыда қойылмаған, тіпті, әлемдік сахналарда да сирек кездеседі. Қойылым тұңғыш рет 1974 жылы Лондондағы «Ковен-Гарден» театрында көрсетілген болатын. Ал Қазақстан сахнасына Корольдік балет дәстүрлерін сақтаушылар – қоюшы балетмейстерлер Карл Бёрнетт пен Патрисия Руан әзірледі. Спектакль Николас Георгиадастың нобайларымен безендіріліп, Кеннет Макмилланның жұбайы – леди Макмилланның жоғары бағасына ие болды.  

АЛТЫНАЙ АСЫЛМҰРАТОВА, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫ БАЛЕТ ТРУППАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Спектакль өте күрделі. Несімен күрделі дейсіз ғой? Көркем фильм тамашалағандай боласыз. Яғни мүнда ешқандай үзіліс болмау керек. Миманс пен кардебалет артистері, барлығы үздіксіз қимыл үстінде. Осы керемет спектакльді біздің театр сахналап жатқанына қуаныштымын.

Сонымен қатар, «Астана Опера» ұжымы «Париждегі Құдай Ана соборы», «Абай» операсы сынды бірнеше туындыны көрермен назарына ұсынды. Елордалық театрдың гастрольдік сапары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» халықаралық жобасы аясында өтті.