«Астана Опера» театрында «Балқан түбегінен Ұлы Далаға дейін» атты концерт өтті

«Балқан түбегінен Ұлы Далаға дейін». Арқа төрінде Қазақстан мен Сербия әуендері үндесті. Өнердегі жолдары бір сахнада түйіскен «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен сербияның танымал пианисті Майя Райковичтің орындауында қос ел сазгерлерінің заманауи шығармалары шырқалды.  Әлемге танымал шетелдік музыкант пен жергілікті өнер ұжымы елімізде тұңғыш рет композитор Вера Миланковичтың фортепиано мен оркестрге арналған №2 көлемді концертін ойнап шықты.

МАЙЯ РАКОВИЧ, ПИАНИСТ /СЕРБИЯ/:

 - Бұл жаңа сарынды туынды неоромантизм мен заманауи джаз элементтері және серб ұлттық әуендерінің жиынынан құрылған.Фортепианоға арналған концерттің үшінші бөлігі мен үшін ерекше қызықты. Онда халық музыкасымен қатар Леонардо Бернстайнның әйгілі «Вестсайд оқиғасынан» үзінділер келтірілген. Шығарма пианист үшін де, оркестр үшін де өте күрделі.

Сонымен қатар, көрермен назарына отандық композитор Тілес Қажығалиевтың «Дала аңызы» симфониялық сюитасы ұсынылды.  Әуезді кешке  еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, дирижер  Абзал Мұхитдинов жетекшілік етті. Бұл екі жақты мәдени байланыстың алғашқы сабақтастығы емес. Былтыр дәл осындай бірлескен концерт Белградта ұйымдастырылған еді. Онда серб сазымен қатар Жұбанов, Брусиловский, Сағатов сынды  танымал қазақстандық сазгерлердің туындылары орындалды.

АБЗАЛ МҰХИТДИНОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Біздің әріптестігіміз нығайып келеді. Бірлескен концерттер өтіп тұрады. Оның нәтижесінде орындалған шығармалар компакт дискілерге жазылып, кеңінен тарап жатыр. Біз белгілі композиторға екі елдің ұлттық өнерінің сәйкестігіне сай ортақ туынды жазуға тапсырыс беріп қойдық. Шығарма Қазақстан мен Сербияның мәдениетінен сыр шертетін болады.

Айта кетейік, былтырғы Белградттағы концерт Қазақстанның тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылса, Елордада өткен музыкалық кеш Сербияның егемендік алған күніне арналып отыр.