Биыл Орталық Азияның ұлы ақыны Әлішер Науаидың туғанына - 577 жыл

Биыл Орталық Азияның ұлы ақыны Әлішер Науаидың туғанына - 577 жыл. Атаулы датаға орай Астанада әдеби кеш өтті. Ойшыл, қоғам қайраткері Әлішер Науаидың бай рухани мұрасы XV ғасырдың өзінде түркі тілдес елдермен қатар, Еуропа кітапханаларына тараған. Бүгінде шағатай, парсы тілінде жазылған 3 мыңнан аса өлең жинақтары, философиялық поэмалары, ғылыми трактаттары әлемге әйгілі. Науаидың туындылары қазақ тілінде тұңғыш рет Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен 1948 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен басылып шыққаны мәлім. Одан кейін де ақынның шығармашылығына қатысты көптеген зерттеулер жарық көрген, әлі де айтылып, жазылып та жүр.

ҮМІТХАН МҰҢАЛБАЕВА, ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ КІТАПХАНА ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақ еліне, Орта Азияның халқына тән Әлішер Науаи. Біздің қорымызда біраз кітаптары бар. Оны мына көрмеден көруге болады. Біздің ақынымыз Несіпбек Айт Науаидің бірқатар шығармаларын аударған. Сол себепті қазақ халқы өте жақсы біледі. 

Ал Ташкенттегі мемлекеттік Өзбек тілі және әдебиеті университетінде ақынның 577 жылдығына орай конференция ұйымдастырылды. Ғалымдар: «Әлішер Науаи аса бай түркі ауыз әдебиетін жақсы білген», – дейді. Өзгелерден айырмашылығы да сол. Шығыстың шайыры туындыларын көне өзбек және түркі тілдерінде жазған. Әсіресе әйгілі бес дастаны мен лирикалық өлеңдері және қайталанбас поэмасы ақынды әлемге танытты. Абайдың өзі Науаиды 13 жасында жырлаған. «Ақын туындыларынан Орта Азияның ғана емес, күллі шығыс халқы мен түркі жұртының болмысын аңғаруға болады», – дейді жазушылар. Әлішер Науаидың енді бір шығармасы қазақ тіліне тәржімаланбақшы. Ғалымдар енді «Фархад шырын» дастанының әлі еш жерде жарияланбаған діни бағыттағы бөлігін қазақ тіліне аударуды көздеп отыр.

ЕРГЕШ АБДУВАЛИТОВ, ТАШКЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: 

- Бүгінгі күні қолға алып жатырмыз, «Фархад шырын» дастаны 1948 жылы қазақ тіліне аударылған екен. Бірақ Әлішер Науаи атындағы қолжазбалар институтында М.Әуезовтің алғысөзімен жазылған бұл «Фархад шырын» дастаны кезінде пайғамбарларды мадақтау, құдайға сыйыну мәселесі бойынша қалдырылып келген екен. Соны біз қазір қолға алып, үш тілде жарыққа шығармақшымыз. Яғни өзінің түпнұсқасы – қазақ тіліндегісі және бұрынғы ескі жазу үлгісіндегі Әлішер Науаи қалдырған дастанды.

ДИЛНАВОЗ ЮСУПОВА, ТАШКЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК ӨЗБЕК ТІЛІ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТІ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

- Қазақтардың ұлы ақыны Абайды кеңінен насихаттау мақсатында арнайы пән оқытылады екен. Біз соны негізге ала отырып, осы жылдан бастап өзіміздің Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінде ақынның шығармаларымен жақынырақ таныстыратын арнайы пән сабағын аштық. Соған байланысты арнайы оқулық та шығардық.