Қытай ұлттық кітапханасы қазақ кітаптарымен толықты

Бейжіңдегі ұлттық кітапхана әлемдегі ең ірі кітапханалардың үштігіне кіреді, оқырмандар саны бойынша да көш басында. 1909 жылы негізі қаланған рухани ордада қытай басылымдарының мол қоры жинақталған. 2016 жылдың желтоқсанында қазақ әдебиеті бұрышы ашылып, оған Абайдың қара сөздерінен бастап, Нұрсұлтан Назарбаевтың туралы жазылған еңбектер, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы бастаған 200-ге тарта кітаптар қойылған. Ұлттық кітапхананың шетел әдебиеті бөлімінің қызметкері Лю Мэйдің айтуынша қазір Қазақстан туралы кітаптарға оқырмандардың сұранысы артып келеді екен. 

ЛЮ МЭЙ, ҚЫТАЙ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫ ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Біздің кітапханада Ресей, Жапония, Малайзия және басқа елдердің бұрыштары бар. Солардың қатарында қазақ әдебиеті бөліміндегі кітаптардың саны өте көп. Келушілер Қазақстан жайлы фотоальбомдар мен көркем кітаптарды оқиды. Қазақстан бұрышына қызығушылардың саны күннен-күнге көбейіп келеді.

«Рухани жаңғыру» шеңберінде қолға алынған «Қазақ әдебиеті» бұрышы әлемнің сегіз елінде жұмыс істейді. Оның арқасында қазақтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрінің кеңінен дәріптелуіне мол мүмкіндік туды. Бейжіңдегі кітапхана қорының «Қазақтың батырлық жырлары», «Мәңгілік сарын» және «Қазақтың дәстүрлі жүз әні» сияқты туындыларымен  толығуы соған дәлел.

ШАХРАТ НҰРЫШЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫТАЙДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Басқа мемлекеттің әдебиетін, тарихын, қазіргі даму жолын түсінген кезде ғана екі мемлекет арасында өзара сеніп арта түседі. Сондықтан біздің мақсатымыз, Қазақстанда болып жатқан соңғы үрдістерді жеткізу, біздің жетістіктерімізбен таныстыру және біздің тарихымыз бен әдебиетімізді бұларға паш ету.

Қазақстан жайлы білгісі келетіндер ағылшын жазушысы, саясаткер Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамдары» еңбегін оқиды. Сонымен қатар, оқырмандардың «Сұлу Қазақстан - Сұлу Қытай» фотоальбомына деген сұранысы басым. Онда екі елдің табиғаты, тарихы, мәдениеті және дәстүрі кеңінен суреттеледі.