Бакудегі жастар "Кероғлы" дастанына негізделген тұңғыш ұлттық комиксті дайындап жатыр

Бакудегі жастар аңыз-әпсанаға негізделген тұңғыш ұлттық комиксті дайындап жатыр. Алғашқы кейіпкер –Кероғлы. Эпостық дастан мифтегі мәліметтерге сүйеніп, батыр тұлғасын айқындауға бағытталған. Егер хикая бейнемен берілсе, жас ұрпақтың санасында бірден сақталады. Ал жобаның жүзеге асырылуына бір жыл уақыт кетіпті.

АНАР АКБЕРЛИ, ЖОБА АВТОРЫ:

 - Біз комикстердегі шетелдік кейіпкерлердің бәрін түгел-дерлік білеміз. Олар бүкіл әлемге танымал. Сондықтан, біз де өз батырларымызды жұртқа кеңінен танытуымыз керек деп шештік. «Кероғлы» дастанының жазбаша нұсқасы алғаш рет XIX ғасырда шыққан. Ол туралы комикстің бірінші бөлімі дайын. Қазір жалғасын әзірлеп жатырмыз.

Тарих қойнауына еніп, ұмытылып жатқан дастан-жырлар енді кескіндеме арқылы жарыққа шықпақ. Олардың ішінде Бабек, Шах Исмаил Хатаи мен өзге де қаһармандық тұлғалар бар. Сонымен қатар, түркітілдес халықтарға ортақ кейіпкер Қорқыт ата дастаны негізінде жеке бөлімдер де шығарылады. Бүгінде Қорқыт ата туралы балаларға арналған жеңіл түрдегі түсіндірме шығармалар жоқтың қасы. Бұдан былай өскелең ұрпақ кескіндеме арқылы түркітілдес халықтардың шежіресімен оқып таныса алады.  

ЗЕЙНАБ ГОДЖАЕВА, СУРЕТШІ:

 - Суреттерді бірге дайындап, оны цифрлық құралдармен саламыз. Негізгі аудиториямыз - балалалар болғандықтан, суреттердің түсі мен өңіне ерекше көңіл бөлеміз. Осы жұмысымызға қатысты айтылған алғашқы пікірлер жақсы болғанына кәдімгідей қуанып қалдық.

Комикс – ағылшын, орыс тілінде де шығарылады. Авторлар болашақта жоба негізінде анимациялық фильмдер жасауды көздеп отыр.