Әлихан Бөкейхан туралы алғашқы монография жарық көрді - Kazakh TV

Әлихан Бөкейхан туралы алғашқы монография жарық көрді. Алаш көсеміне арналған кітап тарихи дерек пен мұрағат құжаттарына сүйене отырып жазылған. Оның авторы – белгілі алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы. Ол тырнақалды еңбегінде Әлихан Бөкейханның дүниеге келген сәтінен бастап, бүкіл өмір жолын сипаттап көрсеткен. Енді бір айта кетерлігі, оқырманға жол тартқан тұңғыш монография бірден 4 тілде басылып шықты. Басында түпнұсқалы қазақшадан орыс және ағылшын тілдеріне аударылған  туынды кейін украин тіліне де тәржімаланды. Қазір бұл еңбек түрік тіліне аударылып жатыр. Ол ағымдағы жылдың сәуір айында басылып шықпақ.

СҰЛТАН ХАН АҚҚҰЛЫ,  Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ «АЛАШ» ҒЗИ ДИРЕКТОРЫ: 

 - Әлихан туралы тұңғыш монографияны жазуға арналған материалдар соңғы 26 жыл бойы жиналды. Бұл тақырыпты 1991 жылы наурыз айында өзімнің дисертациямның тақырыбы ретінде бекітіп алған болатынмын. Одан кейін Әлихан туралы, оның өмірі туралы сан қилы ғылыми публицистикалық шығармашылығы туралы материалдар 26 жыл жиналып, мына Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу, Самара, Томск, Омбы  мұрағаттарын түгел ақтардық.

Алаш қызметі әлі талай ғалымның зерттеу жұмыстарына шабыт берері анық. Мысалы, тарихшы Берік Әбдіғалиұлы «Алаш әскери құрылымы» атты танымдық-зерттеу кітабы көпшілікке таныстырылды. Бұл - автордың Ресей мұрағаттарындағы 4 жылғы еңбегінің нәтижесі. Ғылыми еңбекте осы уақытқа дейін нақты деректер айтылмаған Алаш әскері жөнінде мол мәлімет келтірілген. Атап айтсақ, жауынгерлік күш құрылымының құжаттары, командирлерінің есімдері,  сарбаздарының саны, жасақ тізімі көрсетілген.

БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ТАРИХШЫ ҒАЛЫМ: 

 - Алматы облысы Ақсу ауданында бір жүздік тізіммен тұр. Соның негізінде Алаш әскері құрылған. Ұржар, Аягөз, Мақаншы, Үшарал бәрінің әскерінің тізімі екі жарым мыңдай адам болса, соның ішінде біз 700-інің тізімін таптық. Сондықтан осы тақырыпты ашып жазда арнайы экспедицияға шығарамыз ба деп отырмыз соғыс болған жерлерге. Соның ішінде Батыс Қазақстанда құжаттар көп сақталмады.

Ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жаңа кітаптар тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуға бағытталған тың дүниелер деп бағалады. «Алаш» қозғалысының 100 жылдығы аясында жарық көрген қос еңбектің әрбірі баспадан бес мың данамен шықты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер