Елордада ирандық суретші Бехзад Бозоргидің миниатюралық кескіндемелер көрмесі өтіп жатыр

Сәуле мен көлеңкесі жоқ көркемсурет. Осы күндері елордада «Мавлана мен Сана» атты миниатюралық кескіндемелер көрмесі өтіп жатыр. Ұлттық мұражай қонақтарының назарына ирандық бейнелеу өнерінің шебері Бехзад Бозоргидің ерекше сызықтық үлгіде салынған туындылары ұсынылды. Барлығы 30 еңбектің мазмұны әрқилы болғанымен, таңбалық реңдері ортақ. Автор шығармашылығында тек қара, сары және ақшыл түстерді пайдаланған.

Бұндай үндестік шынайылыққа жақын бейнелердің ашықтығын танытумен қатар, дәстүрлі дінмен тығыз байланысты, дейді суретші. Орта ғасырлардан ирандықтардың дәстүрлі мәдениетіне енген миниатюра өнері асқан шеберлікті талап ететін күрделі суреттер санатына жатады. Бехзад Бозоргидің көнеден келе жатқан көркем жазу мәнерін үзбей қыр-сырын меңгеріп жүргеніне 38 жыл болыпты. Осы аралықта қылқалам шеберінің қолынан 400 тарта миниатюралық туынды дүниеге келген.

БЕХЗАД БОЗОРГИ, СУРЕТШІ /ИРАН/:

 - Бүгінге дейін 54 жеке көрмем өтіп, оның 20-ға жуығы шетелдерде болды. Қазақстанға жұмысымды таныстыру үшін осымен екінші мәрте келіп отырмын. Өткен жылғы және биылғы көрмелерге соңғы 5 жылдың ішінде жасалған туындыларым қойылды. Былтыр 20, қазір 30 таңдаулы деген жұмысымды алып келдім. Тағы бір айта кетерлігі, бұл миниатюралар сырт елге алғаш рет шығып отыр. Бұл – Иран мәдениетімен таныстырып, дәстүрлі өнеріміздің мән-маңызын ұғындыратын туындылар. Бұған қызығушылық танытқан адамдарға арнайы шеберлік сабақтарын өткіземін.