Қазақстандық жас скрипкашы Ақбике Алғи Карнеги-холлда өнер көрсетті

Қазақстандық жас скрипкашы Ақбике Алғи Карнеги-холлда өнер көрсетті. Бес жасынан бастап скрипканы серік еткен жас өнерпаз музыка саласында талай табыстарға жетіп жүр. Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүріп-ақ Италия, Германия, Ресей секілді елдердің халықаралық конкурстарында лауреат, әлемдік скрипка фестивалінің Гран-При иегері секілді марапаттарын иеленді, Дельфий ойындарының алтын медалін жеңіп алды.

АҚБИКЕ АЛҒИ, СКРИПКАШЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЛАРДЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

 - Биыл Астанада Петр Ильич Чайковский атындағы байқау өтіп, онда екінші орынды иелендім. Бұл менің өмірімдегі ең маңызды жеңіс. Отбасым музыкаға жақын болғандықтан, скрипка үйірмесіне берді. Өзімнің де бұл аспапты меңгеруге құлшынысым болды. Мен біздің ректорымыз Айман Қожабекқызы Мұсақожаевадай болғым келеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Раиса Мұхамеджанованың шәкірті Карнеги-холлда өнер көрсетуі үшін Германиядағы халықаралық байқауда бақ сынапты. Әлемнің әйгілі дирижері Зубин Метан Ақбикенің орындауын «керемет нәзік және интонациялы» деп атап өтсе, танымал маэстролар «терең түсінігі бар» деп жоғары баға берген.

АҚБИКЕ АЛҒИ, СКРИПКАШЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЛАРДЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

 - Карнеги-холл сахнасында өнер көрсету бірегей мүмкіндік. Бұл үшін Германияда өткен байқауда, Қытай, Корея, Жапонияның үздік скрипкашыларымен додаға түстім. Ол «Karwendelmusicfestival» фестивалі деп аталады. Сайыс Бавариядағы Миттенвальд қаласында өтті. Бахтың скрипкаға арналған туындысын ойнадық.  

Ақбике әлі талай шыңдарды бағындырмақ. Қазақ мәдениетін шет едерге танытып, әлемнің үздік сахналарында өнер көрсету - оның басты мақсаты.