Назгүл Шукаева әлемге қазақтың халық әндерін әйгілеп, кеңінен насихаттап жүр. Ол сирек дауыс иесі. Авангард, блюз, джаз және заманауи академиялық музыканы орындап, Украинаның сүйікті әншісіне айналған. Шетте жүрседе қазақтың «Құсни Қорлан», «Маржан-ай», «Айқаракөз» әндерін репертуарынан алған емес. Кейінгі жылдары Назгүл қазақтың халық әні мен мәдениетін тек Украина жұртшылығына емес Еуропа халқына да танытып жүр. Ол жақында «Asia Tengri Jazz» бағдарламасын ұсынып, өнер сүйер қауымды қазақ әніне тәнті етті.

НАЗГҮЛ ШУКАЕВА, ӘНШІ:

 - Ойламаған жерде, бұл жобам Украина мен Еуропаның ыстық ықыласына бөленіп, халық әндеріне сұраныс артты. Мен сол кезде адамның тегі мен тамыры қандай қасиетті деп таңқалдым. Халықтың ұлттық саз аспаптарымен бірге орындалған туындының энергетикасы мықты, адамның жанын да емдей алатын қасиеті бар деп білемін. Адамның бойындағы ең әсерлі күш – бойындағы таланты, ұлттық өнер мен мәдениетіне деген махаббаты екен. Мен соны жырақта жүргенде түсіндім.

Қазақтың қара топырағынан өнген талант – джаз бен заманауи академиялық музыканы шебер меңгерген. Оның орындауындағы әндер тыңдарманның жан дүниесін елжіретеді. Ал ұлттық аспаптардың үні қазақ қызының келбетімен келісіп, шетелдік көрермендердің көзайымына айналған. 

НАЗГҮЛ ШУКАЕВА, ӘНШІ:

 - Украина және Еуропа халқын қазақтың музыкасы арқылы салт-дәстүрімен таныстырғым келеді. Еліме деген махаббатымды таныту үшін он жыл бұрын «Азия тенгри» жобасын қолға алдым. Қазақстаннан домбырашы, қобызшыларды шақырып, Грэмми сыйлығына ұсынылған Америка мен Британияның атақты Джон Холмсы мен Бенито Гонсалесін концертіме шақырып, украиналық композиторлармен бірігіп, қазақтың музыкасын көрерменге ұсындық.

Назгүл Шукаева қазақтың халық әндері мен төл өнері, ұлттық аспаптары Қазақстанды жаһанға таныстырып, әлемге әйгілейді, дейді. Ұлттық өнердің танымал болуы – елдің көпқырлы әлеуетін арттырады. Осы мақсатта Назгүл АҚШ пен Ұлыбританияның ең танымал әртістерін қазақ шығармаларын орындауға шақырады.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер