Елордада Байқоңыр қаласы оқушыларының шығармашылық көрмесі ашылды

Балалардың көзімен жұлдыздарға самғап, аспан әлеміне саяхат. Елордада Байқоңыр қаласы оқушыларының шығармашылық көрмесі ашылды. Мұнда айлақтың басы-қасында жүрген балғындардың жұмбағы мен сыры көп ғарыш саласына  қатысты біліп-түйгендері мен қиялдары бейнеленген көркемсурет туындылары қойылған. Осыдан тура 60 жыл бұрын қазақ даласынан ең алғашқы жасанды жерсерік дүйім жұртқа таңсық кеңістікті зерттеуге ұшырылғаны баршамызға мәлім. Адамзат тарихындағы аса елеулі оқиғаға орай шәкірттердің шығармашылық дарынын, дүниетанымы мен ой-өрісін кеңету мақсатында байқау жарияланды. Нәтижесінде, байқоңырлық оқушылар бес жарым мыңнан артық сурет дайындапты. Ғарыш айлағының екі құқықтық негізде қызмет ететіні ескерліліп, үздік туындылар Қазақстан және Ресей президенттеріне тікелей жолданған. Жас қылқалам шеберлерінің еңбектері көрші елдің қоғамдық палатасынан орын тепсе, жергілікті жерде тұңғыш президент кітапханасы мұражайында жайғастырылды. 

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КІТАПХАНАСЫ МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Тіркеуге алынған материал ол жай ғана қорда жатып қалмайды. Біз арнайы шаралар ұйымдастырғанда, көшпелі көрмелер болған кезде осы суреттердің біразын таңдап көпшілікке көрсетіп отыратын боламыз. Баспадан шығатын каталог сияқты жолсілтемелер жасаған кезде осы суреттерді соған пайдаланатын боламыз.