Қытайдың дәстүрлі сазды жауһарлары «Ұлы Жібек Жолы» бойындағы мемлекеттерге гастрольдік сапармен шықты

Өнерде шектеу жоқ. Аспан асты елінің дәстүрлі сазды жауһарлары Орталық Азия төрінде салтанат құрды. Қытайдың Ұлттық опера, би және драма театрының халық аспаптар оркестрі «Ұлы Жібек Жолы» бойындағы мемлекеттерге гастрольдік сапармен шықты. «Ұлттық қазына» атты бағдарлама алдымен ежелгі сауда керуені бағытындағы маңызды елдердің біріне айналған Қазақстан жеріне аялдады. Мұнда қытайлық музыканттар Астана және Алматы тұрғындары мен шаһар қонақтарын төл өнерімен сусындатты. 50 жылдық тарихы бар өнер ұжымы құрған бағдарлама аясында 12 аспаптық шығарма орындалды. Бұл туындылар аспан асты елінің көнеден заманауи симфониялық классикасына дейінгі кезеңді қамтып, ел шежіресінен сыр шертеді. Енді қытай халық оркестрі Өзбекстан мен Тәжікстан елдеріне аттанбақ.

ЛУАНЬ ДУН, ҚЫТАЙДЫҢ ҰЛТТЫҚ ОПЕРА, БИ ЖӘНЕ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қытайдың көне музыкасы тарихи шекаралас Орталық Азия халқының өнерімен тікелей байланысты.  Қазіргі ұлттық аспаптарымыз да кезінде ортақ болған. Сол мәдени сабақтастығымызды бүгінгі ұрпаққа таныту үшін осы аймақтағы елдерді аралап шығуды ұйғардық. Алдымен Қазақстанға келуіміз бекер емес. Алғашқы сапарымызды «Ұлы Жібек жолындағы» маңызды елден бастағанды жөн көрдік. Осының аясында мәдени байланыс орнатып келесі жолы бірлескен тур құрып, ортақ шығарамалар орындауды көздеп отырмыз.