«Астана Опера» және «Astana Musical» театрларының жетістіктері

Қазақстандық театрлар шетелдік сахна төрлерін бағындырып, ұлттық өнерді сырт ел қауымына насихаттауда сүбелі үлес қосып келеді. Бұл орайда халықаралық деңгейде ел намысын абыройлы арқалап жүрген «Астана Опера» театрын ерекше атап өткен жөн. Былтыр жергілікті сахна саңлақтары атақты Мариинский, Италияның «Карло Феличе» және Маскаттың Корольдік опера театрларында өнер көрсетті. Сондай-ақ «Астана Операның» симфониялық оркестрі, хор мен балет труппасы венгриялық көрерменнің ықыласына бөлене білді. Биылғы шетелдік сапар жоспары да осал емес. 

ТӨЛЕУБЕК ӘЛПИЕВ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз Генуя қаласында «Абай» операсын ұсынбақпыз. Гастрольдік сапарды үстіміздегі жылдың желтоқсан айына жоспарлап қойдық. Сондай-ақ ол жерде балет қойылымын сахналаймыз. Жапонияның үш бірдей ірі агенттігінен шақырту алдық. Бұл елге де ат басын бұру жағын ойластырып жатырмыз. Сондай-ақ Еуропа елдері де біздің шығармашылығымызға қызығушылық танытуда. Ол жақтан да көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. 

Еліміздің бетке ұстар театрының шетелге сапарларының еселенуі – әлемдік көрерменнің біздің өнерге деген жоғары сұранысының белгісі. Бұған орай репертуарлық қор әлемдік классикамен қатар, ұлттық нақыштағы туындылармен толыға түсуде. Биыл «Астана Опера» өз көрермендерін «Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу» жаңа балет қойылымымен қуантпақ.  

ТӨЛЕУБЕК ӘЛПИЕВ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Алматыдағы гастрольден келе сала бірден «Біржан -Сара» қойылымын әзірлеуге кірісеміз. Кейін «Корсар» туындысын сахнаға шығаратын боламыз. Бұл бір күндік жұмыс емес. Уақыт тығыз. Кешенді бағдарлама құру оңай емес. Дәл қазір Тимур Бекмамбетовпен Пучинидің «Турандот» операсын қою бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл өте күрделі шығарма. Бұдан бөлек, Астана қаласының 20 жылдығына орай түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Ал күзде «Сибирский цирюльник» туындысы көрерменге жол тартады. Оған әзірлік алдағы тамыз айынан басталады.

Жаңадан құрылған «Astana Musical» театры да шетелдік қауымға өнерімен танылып үлгерді. Труппа «Ұлы дала театры» жобасы аясында «Қыз-Жібек» қойылымымен Еуропа елдерін аралап қайтты. Жас та болса, тәжірибелі ұжым Франция, Белгия, Австрия мен Ресей көрермендерінің жоғары бағасын алды. Мамандардың айтуынша, бүгінгі қазақстандық театр өнері халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін танытып жүр.