Атырау тарихи-өлкетану музейінде домбыраның 60 түрі бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұнда халық аспабының құрметіне арналған көрме өтті. Онда Нұрғиса Тілендиевтің, Рысбай Ғабдиев пен Қаршыға Ахмедьяровтың домбыралары қойылды. Әр аспаптың тұсына иесі мен оның шығармашылығы туралы мәлімет жазылған. Ал көрмеге келген жас өнерпаздарға атақты музыканттардың аспабында күй ойнау - үлкен мәртебе. 

Ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан аспапқа өлкеде құрмет ерекше. Келешекте көрменің жалғасы ретінде музей жанынан «Домбыра орталығы» ашылмақ.

ӨТЕПБЕРГЕН ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ, ӨЛКЕТАНУШЫ-ҒАЛЫМ:

 - Домбыра сонау көне заманнан бері Кетбұқаның дәуірінен, онан кейінгі Асанқайғы дәуірінен есептесек те, қалай десек те, әйтеуір ғасырдан ғасырға ұласып, бізге жалғасып келе жатыр.

Көрмеде халық назарына күй атасы Құрманғазының, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының домбыраларының көшірмелері де қойылды. Ал мынау күйші-сазгер Динадан қалған жәдігер.

РАШИДА ХАРИПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛЕКТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Дина әжеміздің саусақтарының ізі қалған, «Байжұма», «16-жыл», «Тойбастар» күйлерін мәнеріне келтіріп тартып, әжемізге «ғасыр саңлағы» атағын алып берген қасиетті қара домбырасының біздің музейімізде сақталуы - біз үшін үлкен мақтаныш!

Еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып жүрген флеш моб форматындағы домбыра пати – ұлттық музыканы кеңінен насихаттауды мақсат етеді. Бұл шара Оралда да дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.  

Оркестр құрамында 35 оқушы бар. Өрендер көпшілік алдына алғаш шығып тұр. Білім мен ұлттық құндылықты қатар үйрететін С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты жанында өнер мектебі ашылыпты. Онда 250 бала қабілет-қарымын шыңдап жүр.

АЛМАС МҰҚАНОВ, С.СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТТЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Өнер мектебіміздің оқушылары - әр түрлі байқаулардың жеңімпаздары. Күні кеше Мәскеу қаласында «Рождественские звезды» деген байқау өткен еді. Сол Кремльде болған байқауға біздің  өнер мектебіміздің оқушылары барып жүлделі 2 орынды алды. Ол жерге барған біздің «Атамұра» үлгілі халық аспаптар оркестрі. Менің ойымша, жер-жерде қазақтың ұлттық аспаптарын танытып, қазақтың байрағын желбіретіп жүргендері осы, бізге басқа не жетсін. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер