Мәскеуде Татьяна Назаренконың «Шығысқа саяхат» көрмесі ашылды

Қазақтың ұлан-ғайыр даласы кенеп бетінде. Мәскеуде Татьяна Назаренконың «Шығысқа саяхат» көрмесі ашылды. Ресей мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қазақстанға арнаған 70-ге жуық туындысын көпшілік назарына ұсынды. Экспозицияның басты тақырыбы – адам мен табиғат. Шебер Ұлы даланың көркем пейзаждарын, көшпенділердің өмірінен сыр шертетін сюжеттерді, өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы қазақ ауылының көріністерін бейнелеген. Сондай-ақ топтамадан халқымыздың әдет-ғұрпы мен дәстүрін, күнделікті тұрмысын да көруге болады. Автор Қазақтанға жасаған үш жылдық саяхаты барысында алған әсерін өз картиналары арқылы жеткізіпті. «Тарих пен рухани мұраны сақтау – жарқын болашақтың кепілі»,- дейді суретші.

ТАТЬЯНА НАЗАРЕНКО, СУРЕТШІ:

 - Ол жақта керемет болатын. Мен көрмеде киіз үйде көрген ерекше әсемдікті бояумен беруге тырыстым. Ол адамның таңданысын тудыратын орын. Қазіргі адамдарға өзінің түп тамырын білу қажет. Домбыраның әуезді үнін, онан төгілген күй-жырдың қалай пайда болғанын білу маңызды.

АНТОНИНА ГАЛИМЗЯНОВА, ГАЛЕРЕЯ ӨКІЛІ:

 - Татьяна Назаренко – ерекше тұлға, бірегей суретші. Оның өнері уақыт сынына қарамастан өзінің маңыздылығы мен әсемдігін және терең ойын жоғалтқан емес.