Батысқазақстандық ғалымдар Тақсай оба кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ғасыр құпиясын қойнына жасырып жатқан обалардың тарихқа қосары көп. Соңғы жүргізілген жұмыстар барысында жебе ұштары, бөрі мен барыстың, грифонның, өзге де түрлі аң-құстардың бейнесі бар қару-жарақтар мен ат әбзелдері табылды. Қайталанбас құнды жәдігерлердің бәрі де арнайы зертханаларға жіберілмек.

СЕРІК РАМАЗАНОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Бір қорымның өзінен 700-дей дана жебе ұштары табылды. Мұның бәрі де ежелгі темір дәуіріне жататын кезінде өмір сүрген адамдардың қолданған бұйымдары.

Тақсай оба кешенінің жоспарлы түде зерттелуі бекер емес. 1965 жылы жер жырту жұмыстары кезінде осы маңнан бірнеше жәдігер табылған болатын. Араға уақыт салып, 2012 жылы кездейсоқ табылған жәдігерлердің орындары зерттеліп, 4 оба кешені анықталды. Олардың астына 7 жауынгердің мүрдесі жерленген болып шықты. Олардың бірінің жанына жас ару қоса жерленіпті. Мола көмілмес бұрын, алдымен өртелген екен. Бұл ғұрып Қара теңіз маңындағы скифтер мен Арал теңізі жақтағы сақтарға тән көрінеді.

ЯНА ЛҰҚПАНОВА, ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Бөренелі-шатырлы құрылыс өртелген. Үлкен алау болған. Қызудың күштілігі соншалық, бір метр тереңдікке дейін жеткен. Сол кезде беті топырақпен көмілген. Сондықтан да мына металдар еш зардап шекпей, сап-сары күйінде бізге жетіп отыр. Ал адам сүйектері керісінше қатты балқып кеткен. Тіпті антропологтар да кейде ДНК сараптама жасай алмай жатады.

МҰРАТ СЫДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанда радиокөміртегілік сараптама жасайтын, палеоантропологиялық, басқа да  зерттеулер жүргізетін бір де бір сертификатталған замануи зартхана жоқ.  Біз осы 15 жыл ішінде өте мол мөлшерде артефакттар жинадық. Алайда, соның болмашы бөлігі ғана ғылыми зерттелді.

Тарихқа «Тақсай ханшайымы» деген атпен енген «Алтын адамның» ғылымға әкелген жаңалығы мен өркениетке қосары көп. Мәселен, жуырда Британ музейінде көпке көрсетілген «Алтын ханшайым» сармат және савромат мәдениетінің жоғары деңгейін паш етеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер