Қазақ және француз композиторлары туындыларының үндестігі. Елордада «Париж –Астана: Дебюссиден Жұбановаға дейін» концерті өтті. Бағдарламаға Бизенің «Кармен» операсы тақырыптарына фантазия, Форенің «Пробуждение», Дебюссидің «Девушка с волосами цвета льна» Күмісбековтың «Поэмасы» және Жұбанованың №1 ішекті аспаптар квартеті, ре минор сынды туындылар енді. 

ГОТЬЕ ЭРРМАНН, ВИОЛОНЧЕЛЬШІ, ФРАНЦИЯ:

 - Жұбанованың туындысы өте керемет. Кейде ол Шостаковичке ұқсайды, кейде Форе немесе Дебюссиді естігендей боламын. Біз үшін бұл, әрине, өте қызық жұмыс болды.  Қазақстандық музыканттардың деңгейі  жоғары. Бұл біздің Қазақстанға төртінші рет келуіміз. Бірақ қазақ композиторларының туындыларын алғаш рет орындап отырмыз.

Күмісбековтың «Поэмасын» алғаш рет естіген виолончельші Готье Эррманн музыканың әсеріне бөленгені соншалық, енді бұл шығарманы өзінің тұрақты репертуарына қоспақ. Әуелде, француз музыкантттарына Ғазиза Жұбанованың №1 ішекті аспаптар квартеті, ре минор, бірінші бөлімін орындауға ғана ұсыныс берілген екен. Дегенмен, бұл әйгілі туындының үзіндісін естіген артистер оны толығымен орындаймыз деп шешіпті.

ГАУХАР ТАСБЕРГЕНОВА, «АСТАНА ОПЕРАНЫҢ» КОНЦЕРТМЕЙСТЕРІ, ФОРТЕПИАНО ПАРТИЯСЫН ОРЫНДАУШЫ:

 - Репертуарды таңдау барысында біз әріптестерімізге түрлі жазбалар мен ноталарды жібердік. Дайындық толықтай үндестікте, түсіністікпен өтті.  Музыка тілі бәріне ортақ, түсінікті. Бұл кеш соған дәлел бола алады деп ойлаймын.

Енді Қазақстан мен Франция музыканттары ортақ фестиваль ұйымдастыруды жоспарлап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер