Орталық Азия: Қазақстан және Өзбекстан музейлері

Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы әлемдік мәдениеттің құнды бөлігі. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан елдердің өткенінен сыр шертетін көне жәдігерлер бүгінде музейлерден орын алған. Өзбекстан астанасы Ташкентте орналасқан мемлекеттік өнер мұражайы Орталық Азиядағы ең ірі музейлердің бірі саналады. Өткен ғасырдың басында ашылған мұралар үйінде үш мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Құнды заттар төрт қабатты алып жатыр.

МУХТАРАМ ШУКТАРОВА, ЭКСКУРСИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Осы Орталық Азиядағы ең үлкен және ескі өнер мұражайы 1918 жылы ашылды. Осында I ғасырдан біздің заманымызға дейінгі жәдігерлер сақталып тұр.

Экспозиция Орталық Азияның жүрегінде орналасқан Өзбекстанның Ұлы Жібек жолы заманындағы тарихи ролі туралы сыр шертеді. Ал аймақтағы ең жас және ең ірі музей Қазақстан елордасы Астанада орналасқан. Ұлттық Музей 2014 жылы құрылды. Бірегей кешен 74 000 шаршы метр жерді алып жатыр және тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Экспозициялық алаң 11 залды алады. Олардың әрқайсысы белгілі кезеңді баяндайды – ежелгі дәуірден Тәуелсіз Қазақстан тарихына дейін.

ӘЙГЕРІМ ӘМІРАЛИЕВА, ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙДІҢ ЭКСКУРСИЯЛЫҚ БӨЛІМ ӘДІСКЕРІ:

 - Бүгінде бұл музей бүкіл әлемге танылып отыр. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі көрмелер өткізілуде. Музей Қазақстанның көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы және мәдениетімен таныстырады. Және де осы Қазақстанның тарихи, мәдени ескерткіштерін, құндылықтарын зерттеп, саралап, оны өскелең ұрпаққа насихаттайды.

Музейдің қабырғасында заманауи қазақстандық өнердің туындыларымен де танысуға болады. Осында қазақстандық суретшілер, мүсіншілер және өзге де өнер қайраткерлерінің туындылары ұсынылған.

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Орталық Азия мемлекеттері мәдениеттерінің ерекшелігі біріншіден әрине ол әр халық өз тілін сақтап, өзінің мәдениетін және әдебиеті болсын, музыка, көркем сурет, қолданбалы өнер сынды мұрасын сақтап, бүкіл әлемге көрсетіп келеді. 

Ортаазиялық халықтардың бай мәдени және тарихи мұрасы – аймақтың жарқын өткенінің айғағы. Өнер мен мәдениет ескерткіштерін келешек ұрпаққа сақтау – осы музейлердің абзал міндеті.