Жыртқыш құстармен аң аулау көшпенділердің көнеден келе жатқан дәстүрі. Бүгінде аңшылықтың осы түрі көптеген елдерде сақталған. Алайда бүркітпен түлкі мен қоян ілу – тек Қазақстанға тән өнер. Саятшылық өнерді жоғалтпау мақсатында Маңғыстаудың айрақты тауларының етегіндегі Тұщыбек ауылында бүркітшілер мектебі ашылмақ. Бұл мекен тазы жүгіртіп, аңға құс салуға қолайлы. Мұндағы саятшылар осы уақытқа дейін ата дәстүрді дәріптеп келеді. Оған жыл сайын ұйымдастырылатын қансонар сайысы дәлел.

Түлкі, шибөрі іліп жүрген Ақсеңгірдің бала қасқыр алуға да шамасы жетеді. Екі жасар тірнек бүркітті тәжірибелі құсбегі Мереке Өтеғалиұлы баптайды. Ол бүркіт баптаумен 6 жылдан бері шұғылданып келеді. Қазір ауыл кәсіпкерлерінің көмегімен бүркітшілер мектебін ашуға ниетті.

МЕРЕКЕ ӨТЕҒАЛИҰЛЫ, ҚҰСБЕГІ:

 - Аңшылықтың құс салу өнерін насихаттап жүрмін халықтың арасында. Қазіргі таңда 5-6 бүркітші бармыз. Жақсы, шүкір жарыстарға барып жүрміз. Туристер келгенде алып шығып, осындай саятшылыққа шықсақ деген ниеттеміз. Мектеп ашқым келеді жақында.

Республика бойынша өткен ғасырдың сексенінші жылдары жиырмаға жетпейтін бүркітші бар еді, ал қазіргі таңда 100-дей құсбегі бар. Олар арнайы заңдастырылып, әр құсқа чип салынған. Қазақтың саятшылық өнері осылайша алыс-жақын шетелдерге таныла бастады.

ҚҰРАЛАЙ ІЗІМБЕРГЕНОВА, "ОТПАН" ТАРИХИ-МӘДЕНИ КЕШЕНІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Бұрынғы кезде дәстүр бойынша аңшылармен бірге өнерпаздар да шығатын болған екен. Аңшының әнін айтып, күйін тартып содан кейін барып аңшыларымыз жолға түсіп кетсе керемет болар еді. Мұны ұйымдастыруды жоспарлайтын боламыз.

Еліміздің әр түкпіріндегі ұлттық спорт мектептерінен «Саят» құсбегілер бөлімі ашылып жатыр. Тыңдаушыларға Қазақ Спорт және туризм академиясының мамандары дәріс береді. Ал Маңғыстауда ашылатын бүркітшілер мектебі жыл он екі ай жұмыс істемек. Дәріс алушылар жаз мезгілінде аңшылықпен қатар бірнеше күндік танымдық экскурсияларға да қатысады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер