«Екі әлем - қос тағдыр». Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында айрықша көрме ашылды. Экспозицияға аутизмге шалдыққан 19 жасар суретшілер Әлібек Қаратай мен Алан Мұхитдиновтың туындылары қойылған. Қос шебердің еңбектері жарқын түстермен және мұқият орындалған мүсіндермен ерекшеленеді. Мысалы, Әлібек Қаратай сазбалшықтан түрлі пішіндер жасайды. Ол туындыларында ұсақ-түйекке дейін мән береді. Жас суретші тіпті мультфильм жасаумен де айналысады. Қазақстандық суретшінің шығармашылығы әлемге танылып та үлгерген. Канаданың Ванкувер қаласында өткен фестивальде «Өнер» аталымы бойынша екінші орынды иеленді. Жас шебер Нью-Йорктің Өнер Академиясына оқуға түсуді армандайды.

ӘЛІБЕК ҚАРАТАЙ, СУРЕТШІ:

 - Мені кинодағы, мультфильмдердегі жағымды кейіпкерлердің ерліктері  жігерлендіреді. Солардың бейнелерін саз балшықпен илеп жасаймын.

Ал 19 жастағы Алан бейнелеу өнеріне құмар. Суретші туындыларында акварель, гуашь және карандаш қолданады. Түсі қанық бейнелер өнер иесінің өмірге деген құштарлығы туралы айтып тұрғандай. Әсіресе, геометриялық пішіндер түрінде орындалған еңбектер бірден көзге түседі.

АЙМАН ТҰҢҒЫШБАЕВА, АЛАН МҰХИТДИНОВТЫҢ АНАСЫ: 

 - Осы көрмені өткізу арқылы біз осындай дертке душар болған жандардың  қарым мен  табысқа жететіндерін көрсеткіміз келді. Олар да қоғамның мүшесі. Бірақ оларға ең алдымен шексіз мейірім, темірдей төзім мен шыдам керек.

Көрмеге төзім мен асқан жігерді серік еткен қос тағдырдың 100-ге жуық еңбегі қойылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер